Баян Есентаева жаңа телесериал түсіреді

Баян Есентаева жаңа телесериал түсіреді

Жуырда ғана "Тракторшының махаббаты" атты телесериалды көрермен назарына ұсынған қазақстандық танымал продюсер Баян Есентаева тағы да бір жаңа сериал түсіруді қолға алып отыр. Оның бұл жолғы туындысы аты аңызға айналған опера әншісі Күләш Байсейітова туралы болады. Бұл туралы Season.kz сайты хабарлайды.

Баян Есентаева бастаған түсірілім тобы телехикая үшін локация таңдау мақсатымен Орал қаласына ат басын тіреді. Шығармашылық топ қала орталығындағы бірнеше тарихи орындарды қарап шыққан, оның ішінде облыстық филармонияның концерттік залы да бар.

Қолға алынған топтама 12 сериядан тұрады. Оның премьерасы 2013 жылдың соңғы айына жоспарланып отыр.

"Хабар" агенттігінің бағдарлама бөлімінің директоры Сандуғаш Рақымжанованың айтуынша, сериал Орал және Мәскеу қалаларында түсіріледі.

"Тарихи фильмдер, нақтырақ айтсақ, тарихи телефильмдер – осы маусымдағы басты құралымыз. Біз екі ұлы тұлға – Бауыржан Момышұлы мен Күләш Байсейтованы таңдадық. Баян Есентаеваның киноиндустрия саласында тәжірибесі бар тобы "Күләш Байсейітова" жобасын мойындарына алды" – дейді Сандуғаш Рақымжанова.

Картинаның режиссері – Жасұлан Пошанов. Оның "Жұлдызға арналған коктейль" және "Жел-қыз" атты фильмдері көпшілікке жақсы таныс. Ал басты рөлдерді сомдайтын актерлік құрам әлі нақты белгіленбеген.

Айта кетейік, Баян Есентаева басты рөлде ойнайтын "Абайлаңыз, сиыр!" атты комедиялық фильмнің түсірілім жұмыстары жуырда ғана аяқталды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: aktau-site.ru, altaynews.kz