Бүгінгі отандық телехикаялар көруге тұрарлық па?

Бүгінгі отандық телехикаялар көруге тұрарлық па?

Соңғы кездері теледидардағы бағдарламалар мен телехикаяларға жиі көз тігетін болып жүрмін. Кешке жұмыс пен сабақтан оралған соң, бәріміздің басымыз жиылып қалып, теледидарды қосамыз. Сондағы көретіндеріміз –«Көк тарландары», «Базарбаевтар», «Вузеры» және соңы «Тракторшының махаббатымен» аяқталады. Бұған дейін «Келіннің» бітпейтін келеңсіз оқиғалары мен «Сұлтан Сүлейменнің» әйелдер арасындағы «соғысынан» көз алмайтын біздің үйдікілер енді отандық телехикаяларға ден қоя бастады. Бұл, әрине, қуантпай қоймайды.

31 арнадан күн сайын көрсетілетін «Базарбаевтар» телехикаясына тағар айыбымыз аз. Ондағы актерлер де, оқиғалар да көңілден шығады. Отағасы Саламат ағаның көрегендігі мен оның отбасының қызықтары көрермен жинаудан алдына жан салар емес. Фильмдегі ең «кішкентай» рөл бұйырған Арсеннің өзі өз образын екі есе алып шығады. Әлі актерлік білім алып үлгермесе де, қаншама сахнаны тоздырып, классикалық туындыларда ойнаған аға-әпкелерінен қалысар түрі жоқ. Телехикаяға актерлер өте сәтті таңдалған. Отағасы Саламаттың рөлінде Әуезов театрының дарынды актері Бекжан Тұрыс ойнаса, оның жарын Мүсірепов театрының актрисасы Райхан Қалиолдина сомдайды. Үйдегі ұлдары Шерәліні қазақ сахнасына КВН ойындары арқылы танылған Шертім Нұрдәулет ойнаса, оның жарын Мүсірепов театрының актрисасы Аида Жантілеуова сомдайды. Ал Әуезов театрының жас актрисасы Салтанат Бақаева - үйдегі ерке қыз Гүлнәрдің рөлінде.

«Базарбаевтардың отбасы» жайлы айтқанда, тоқталмай өтпейтін бір жәйт бар. Ол – телехикаядағы жарнамалар. Фильмде белгілі бір өнімге жасалған жарнамалар жасырынып тұрмайды. Оны актерлер әліпбидегідей: «Мынау – А, мынау – Ә» дегендей ап-анық қылып айтады. Тіпті сіз естімей қалды ма деп қайта-қайта қайталайтынын қайтерсіз. Фильм кезінде басқаларға қарағанда жарнамалық үзілістер азырақ көрсетіледі. Осыған қарап бәлкім, «Жарнаманы телехикаяда өзіміз-ақ береміз, тек сіздер фильмді бұзбаңыздаршы» дегендей келісіп алған ба деп түйдік. Алғашында келіні мен енесі дүкенннен сатып әкелген «Персил» жуғыш гелін жарнамалап қоймай қойғанда, бір байқап қалып едік. Кейінірек ағасы мен әпкесі қатар отырып «сникерсті» жарнамаласа, келіні күйеуін жұмысқа шығарып салып жатып «Арман» шәйін әкелуді есіне салды. Бұл ғана емес. Арман шәйі бірнеше рет айтылып та жатты. Сонымен қатар, «сникерс», «альбенилердің» кәмпит түрлерімен шәй ішкен келіні мен енесі отыра қалып осы өнімдерді мақтай берді, мақтай берді.

НТК арнасынан кешкі уақытта көрсетілетін «Вузеры» телехикаясы орыс тілінде түсірілген. Әйткенмен ішіндегі кейіпкерлер кейде қазақша да ойнап жатады. Басты рөлдердің бірін сомдайтын бұрынғы КВН ойыншысы, «Мәссаған» шоуының жүргізушісі Еркебұлан өз образын адал алып келеді. Қазақ студенттерінің қызыққа толы студенттік ғұмыры мен олардың шым-шытырық оқиғаларын көрсетететін телехикаяда бәрі де бар. Юмор да, трагедия да, драма да, мелодрама да. Ондағылардың көбі кәсіби актер атын иеленбесе де, өз қатарластары мен замандастарының рөлін оңай алға сүйреуде. Айтпақшы, телехикаяда бізге Қайрат Нұртастың «Өкініш» фильмі арқылы таныс Жәния да бар. «Бауыржан Шоу» театрының мүшесі, актриса Қарагөз мұнда жатақхананың вахташысы болып ойнайды. Фильмдегі сапалы әзілдер тек жастардың ғана емес, орта жастағы көрерменнің де езуіне күлкі ұялатпай қоймайды.

Телехикаяның орыс тілінде түсірілгендігін көрмеуге сылтау ететіндер табылар. Бірақ отандық телехикаялардың көшін түзеп тұрған мұндай дүниелерді көруге тұрарлық деп білуге әбден болады. Артынша-ақ басталып кететін ресейлік «Универ. Новая общага» телехикаясы да студенттер жайында. Екеуі бірінің артынан бірі болатындықтан, онымен салыстыруымызға да тура келеді. Екі фильмде екі ұлттың жастары көрсетіледі. Біздің телехикая орыс тілді болғанымен, өзінің қазақи менталитетін сақтап қалған. Орыстардың студенттері біздерден өзгеше. Олар да біздің студенттер секілді бір-бірімен дос болады, бірақ тым «арыға» тереңдеп кетеді. Ал біздің студенттердің өмірін баяндайтын «Вузеры» телехикаясында «Ұят болады, қазақпыз ғой» тыйымы қатаң сақталған. Сонысы көңілімізді орнына түсіреді. Орыс тілді телехикая болғанымен, қазақтың иісі шығып тұратын туындыға бүйрегіміз бұрып тұратындығы да содан шығар...

«Қазақстан» арнасынан көрсетілетін «Көк тарландары» да  көштен қалысар емес. Әйткенмен фильмге актерлердің ойнау шеберлігі жетіспейтіндігі ащы шындық. Әскердегі өмірді баяндайтын телехикаяда жас жігіттер ойнайды. Жаттап алған мәтіндерін зырылдатып айтып беруге асығатын жігіттер әп-әдемі сериалды кері қарай тартып отырады.

Фильмдегі кейіпкерлер жап-жақсы. Бірақ олардың образдарын аша алмай жатқан – актерлер. Көрермен тарту үшін «жанып» және «жандырып» ойнау қажет. Телехикаяда бірсарындылық пен жайбасарлық көп байқалады. Мұндай телехикая болып жатқан арнадан оңай ауысып кетуге болады. Өйткені телехикаяға әлі де эффектілік әдістермен ойнау жетіспейтін секілді. Әйтпесе жастардың патриоттығын дәріптейтін ауыз толтырып айтуға лайықты дүние екендігіне шүбәм жоқ.

Отандық телехикаялар көшіне жақында ғана продюсер Баян Есентаева мен режисер Асқар Ұзабаевтың «Тракторшының махаббаты» туындысы келіп қосылды. Келді де, әжептәуір көрермен жинап үлгерді.

Жарнамасы жарыққа шыққаннан бастап, бұл телехикаяны күткен адам көп болды. Тіпті «Баян тракторшының махаббаты туралы телехикая түсіріп жатыр екен» дегенді есітегеннен-ақ арналарды қайта-қайта ауыстырып, соны күтумен болдық. Қазақ тілді көрермендер Баяннан көп нәрсе күтетіндіктен, оның шығарған әр туындысын жіті бақылап отырады. Оның үстіне, халықтың сүйікті тобы КЕШЬЮ-дің әншісі мен «Ағайындылар» арқылы көрерменнің ағайынындай болып кеткен Берік Айтжанов ойнайтын махаббат туралы туындыны неге күтпеске?! Бірінші басталғаннан-ақ фильм өзіне елітіп әкетті. Бірнеше қатесі мен кері тартатын кадрларды қарапайым көрермен байқамады да. Олар «Енді не болар екеннің» қамымен күн сайын кеш түсімен Женифердің қылығына қадалып отыратынды шығарды.

Фильм басталғаннан-ақ тракторшының мүгедек анасының рөлін сомдайтын кемпір кісіге ырза боламыз. «Өй» деп бірден ашулана салатын, аузындағы сөзін ұмытып, ауылдың арғы жағын айтып кететін әженің қырсық Женифердің ісіне бірде жылап алып, бірде оның шамына тиіп отыратын қылығы қызықтырады. Ол бізге «Ғашық жүрек 1» кинофильмінде Мөлдірге өтірік анасы болып келетін кемпір ретінде таныс. Онда да өз образын оп-оңай алып шыққан актриса бұл жолы да көрермендер тарапынан «бес» деген бағаны алумен келеді.

Ауылда есін жоғалтқан, сондағылардың атауымен Женифер аталып кеткен Кәмшат та рөлді әдемі сүйреп келеді. Кейде оның шектен шығып кететін кездерін көріп сәл ойланып та қаламыз. Бәлкім, расымен мұндай бойжеткендер бар шығар деп қайта сабамызға түсеміз. Кейде Женифердің образы тым әсіреленіп кеткен көрінеді. Не болса да, Баянның туындысында жинақылық байқалады. Әйткенмен, ұят болса да, айтайық: фильмде «артқы жаққа» көп көңіл бөлініпті.

Женифердің еден жуып жатқан кезі мен кереуеттің астынан шыға алмай қалатын кезінде «артқы жаққа» көп мән берілген. Тіпті осы көріністі ұзақ уақыт созып көрсетіп тұратындығы тағы бар. Бақшада көкөністердің шөбін жұлып жатқан Жасұланның досы да «артқы жоспарда» алынды. Достарының келіп тұрғанын бұл кейіпкер еңкейіп екі аяқтың ортасынан байқады. Бәлкім авторлар Женифердің әдемі дене бітімін көрсету арқылы көрерменді елең еткізгісі келген шығар. Ал ұл баланың (оның үстіне семіз) «арты» кімге сүйкімді көрінеді екен?..

Фильмде тракторшының рөлін сомдаған Беріктің нақты образы қандай? Жұмсақ па, қатал ма? Түрі жұмсақ адамға ұқсайтын Берікке кейде бірден ашуға міну жараспай жатады. Оны тракторшы Жасұлан етуге әлі де бояу жетіспейтіндей көрінеді. Ол әлі де нағыз ауылдың тумасы екендігімен көрерменді сендіре алмай келеді. Біз Кәмшаттың образы арқылы оны шын өмірде де осындай қыңыр да, тәкәппар десе, сенуге шақ қалдық. Өйткені ол ендігі көрерменді өз образымен сендіріп алды. Бірақ Берікте әлі де ауыл жігітіне ғана сай белгілер толыға қойған жоқ. Біз экраннан нағыз тракторшыны көргіміз келген еді... Нағыз тракторшыны!

Айтпақшы, үйдің ең кішкентай қызы да рөлін өзгеден кем ойнап жатқан жоқ. Продюсер анасының арқасында киноға түсу бақыты бұйырған Баянның қызының қасында әлгі кішкентай қыздың «плюсы» көптеу.

Жасұланның достары мен көршілері, сауыншы әйелдер мен өзге де ауыл тұрғындары және қаладағы дөкейлер де өз образдарына адалдығын көрсетуде.

Бүгіндері теледидар қосқанда көруге және талқылауға тұрарлық телехикаялардың көбейіп жатқандығы қуантады. Олардың санымен қоса, сапасы да түзеліп келе жатқандай. Сондықтан «Өй, қазақтар не түсіре алады дейсің?» деп «қазақшылыққа» салына бермей, өзіміздің отандық киноөндірістің жұмысын да бір қарап көрелік.

Автор: Ақерке Әбілхан

Сурет: vk.com, kiwi.kz, brod.kz, yvision.kz

А. Әбілхан