Асылхан Төлепов "Сұңқар" фильмінде!

Асылхан Төлепов "Сұңқар" фильмінде!

Қазақстандық режисер Жасұлан Пошанов бала мен тұлпардың достығын баяндайтын көпсериялы фильм түсіріп жатыр.

Әзірге Пошанов бастаған  команда 10 күнге тарта таулы аймақта түсірілімде жүр. Түсірілім тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Фильм бала мен тұлпардың достығын баяндайды. Бала ер жетіп қиындыққа тап болған кезінде тұлпары жанынан табылып демеу болады.

«Оқиғаның желісі тәрбиеміз бен менталитетімізге жақын. Бала мен тұлпардың достығы туралы көптеген фильм түсірілген, алайда бұл фильм халқымыздың мәдениетіне жақын. Махаббат, достық және сатқындық араласқан қарапайым телехикаяны күтіңіздер», - дейді режиссер.

Біржан есімді баланың рөлін «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылған Асылхан Төлепов сомдайды. «Алдыңғы фильмдердегі тәжірибесінің арқасында ол өз рөлін ойдағыдай ойнауда. Асылханның талпынысына ризамын. Одан өзге Ержан Жарылқасынов, Бауыржан Қаптағаев, Асхат Үрпеков секілді тәжірибесі мол актерлер де фильмде ойнайды», - деп Пошанов атап айтты.

Режиссердің айтуынша, түсірілім кезінде ең қиыны – жануарлармен жұмыс жасау. Барлығы 400 жылқы қатысады екен. «Күндіз өлген жылқы жайында қиын көріністі сәтті түсірдік. Алайда нағыз қиындықтар әлі алда. Қандай қиындықтар болса да, біз еш қорықпаймыз», - дейді режиссер.

Sataifilm кино компаниясы түсіріп жатқан көпсериялы "Сұңқар" фильмін күзде «Қазақстан» телеарнасынан тамашалайтын боласыздар.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Дереккөзі: tengrinews.kz

Қ. Бүйенбай