Сатаев Канадада "Хакер" триллерін түсірмек

Сатаев Канадада "Хакер" триллерін түсірмек

Ағымдағы жылдың күз мезгілінде қазақстандық режисер Ақан Сатаев жастарға арналған "Хакер" триллерінің түсіріліміне кіріспек, деп хабарлайды "Киноправда" порталы.

Тимур Жақсылықов пен жас кинематографшы Санжар Сұлтанов («Уақыт күтпейді» («Время не ждет») жазған сценарийдің желісі бойынша, кинофильмде несие картасын алаяқтық жолмен бұзып күн көретін хакердің шынайы өмірі баяндалады. «Жас жігіт жеңіл жолмен байлыққа кенелгісі келіп, хакерлік әлемнің түбіне тереңдеп кетеді. Бірақ ол «жеңіл ақшаның» соңы ауыр азапқа алып келерін кеш ұғады», - дейді сценаристердің бірі саналатын Санжар Сұлтанов кинофильмнің желісі жөнінде.

Түсірілімге дайындық жұмыстары қыркүйек айынан басталады. Ал түсірілімнің өзі Нью-Йорк, Торонто, Дубай және Бангкок секілді ірі қалаларда өтеді. Әзірге кинофильмге ешқандай да іріктеу өтіп жатқан жоқ. Сатаевтың жаңа фильмінде бұл жолы қазақстандық актерлер бой көрсетпеуі мүмкін. Өйткені ондағы басты және басқа да рөлдердің көбін америкалық және канадалық атақты да шебер актерлер сомдамақ.

"Хакердің" қос продюсері саналатын Ақан Сатаев пен Санжар Сұлтанов кинофильмнің қанша бюджетті құрайтындығы жөнінде жария етуді қаламайды. Әйткенмен, бізге белгілісі – жобаны бірнеше инвесторлардың қаржылай қолдайтындығы. Олардың ішінде қазақстандық кәсіпкерлер Ғалымжан Мейрамбеков, Жанболат Серіков және Mobli компаниясын құрушылардың бірі саналатын Кеңес Рақышевтардың есімдері белгілі.

Кинофильмнің авторлары келер жылы «Хакерді» Торонтодағы кинофестивальге қатыстыруды жоспарда ұстап отыр. Дәл осы Канада қаласында Know Rules Media кинокомпаниясы Ақан Сатаевтың кинотуындысының жарық көруіне тірек болмақ.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: meloman.kz 

А. Әбілхан