Джим Керри қазақстандық фильмге шақырылды

Джим Керри қазақстандық фильмге шақырылды

Қазақстандық режиссерлер Айгерім Ереханова мен Камиля Лұқпановалар Джим Керри, Гэрри Олдмэн және Эдвард Нортонның қатысуымен фильм түсірмекші деп хабарлайды «Экспресс-К».

Режиссерлер осы жоба Қазақстанға келуші туристердің санын арттырады деп сендіруде. Олардың кинематография саласындағы білімдері жоғары. Камилла Поля Верлен атындағы Франция университетінде білім алса, Айгерім Огайо ЖОО бітірген. Режиссер қыздарымыз Алматыда актерлік шеберлік сабақтарын жүргізетін «Күйзелген жандар мекені» («Приют потрескавшихся душ») атты театрдың негізін қалаушылар.

Гэрри Олдмен

Эдвард Нортон

Өткен жылы терең ойланушыларға арнап «Софиядан» фильмін түсірген болатын. Фильм толық метражды болмаса да, сапасының арқасында қаланың кинотеатрларынан көрсетілді. Айгерімнің айтуынша, бірнеше голливудтық онлайн кинотеатрлардың басшылары хабарласып фильмді көрсетуге рұқсат та сұраған.

Қазір режиссерлер ирониялық «A, B, C, D…men» атты фильмнің сценарийін жазуда. Картина комикс жанрында түсірілетін болады. Режиссерлердің жоспарлауынша, «Жүзік әміршісі» (Властелин колец) секілді көп қаражатты талап ететін фильм болуы тиіс. «Жүзік әміршісі» трилогиясы Жаңа Зеландияда түсіріліп, мемлекет қазынасын 200 миллион долларымен толықтырған. Картина көгілдір экраннан көрсетілген соң, түсірілім болған жерлерді көру үшін туристер Жаңа Зеландияға барып, туристік агенттіктердің жұмысы арта түскен. Сол сияқты A, B, C, D…men фильмі де Астанада түсіріліп, Қазақстанға келуші туристердің санын арттыратынына Айгерім толықтай сенімді.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: weekend.ru

Қ. Бүйенбай