2013: Көптен күткен фильмдер

2013: Көптен күткен фильмдер

2013 жылы шамамен онға жуық әртүрлі жанрдағы фильмдер Қазақстан кино өнімдерінің қатарына қосылды. Арасында қысқа метражды фильмдер де, көркем фильмдер де бар. Ал әзірге 2013 жылдың соңына дейін көрсетілетін фильмдер тізімін назарларыңызға ұсынамыз:

Қыркүйек айында кеше ғана өздеріңізге таныстырып кеткен Талғат Жаныбековтің «Джокер» фильмі экранға шығады. Мистикалық боевик жас жігіттің ағасы үшін кек алуы туралы. Басты рөлдерде: Айсұлу Әзімбаева, Ерболат Тоғұзақов, Денис Литуев, Виталий Кищенко.

Көпшілік асыға күтетін жобалардың бірі, жас режиссер Сәкен Жолдастың туындысы – «Қыз бен Жігіт». Фильм желісі қарапайым студент пен оның ғашықтық хикаясы жайында. Ұзақ уақытқа созылған кастинг нәтижесі бойынша басты рөлдерде Динара Бақтыбаева мен Жандос Айбасов ойнайды.

Күзде «Қазақфильм» киностудиясының екі көркем туындысы бірден жарыққа шығады деп жоспарлануда. Бірінші болып Асқар Ұзабаев пен Фархат Шариповтың бірлесіп жасаған «Жол» («Путь боксера») фильмі. Оқиға желісі көше төбелесінің арасында өскен баланың боксерге айналуы жайында.

Бұдан кейін Марина Кунарованың «Елесті ұстау» («Охота за призраком») фильмі көрсетілетін болады. Ержүрек полиция қызметкері (Санжар Мәдиев) хакерді ұстауға барын салады. Хакерді сомдайтын ресейлік әнші Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков. Кейіпкерлердің жолына Раш (Кристинна Локен) есімді арудың бөкет болуына байланысты іс қиындай түседі. Мұнымен қатар, Арманд Ассанте мен Әсел Сағатова да фильмге түскен.

Қазақстандық премьералардың қатарын Саламат Мұхаммед Әлидің гангстерлік «Әлем табанымыздың астында» атты драмасы толықтырады. Түсірілім 2011 жылдың жаз айында басталғанына қарамастан, осы жылдың қысында көрерменге жол тартады деп жоспарлануда. Фильм жас қыздың бұзақының інісіне ғашық болып, қылмыстық әлемінің бір мүшесіне айналуы туралы. Жас қыздың рөлін сомдайтын Қарлығаш Мұхаммеджанова.

Интернет желісінде көпшілік қызығушылық білдірген «Тракторшының махаббаты» атты телехикаяның үзінділері пайда болды. Сюжеті қалалық ерке қыздың өміріне арналған. Ерке қызымыз – Кәмшат Жолдыбаева. Кездейсоқ жағдайларға байланысты ауылға тап болады да, сол жерде трактор жүргізушісіне (Берік Айтжанов) ғашық болады. 16 бөлімнен тұратын Асқар Ұзабаевтың телехикаясын жақын арада көгілдір экраннан көретін боламыз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: tengrinews.kz

Қ. Бүйенбай