ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді

 ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді

Үстіміздегі жылы қыркүйектің 16-21 жұлдызы аралығында Алматы қаласында ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді. Дәстүрге айналған фестиваль өз көрермендері мен қатысушыларына тоғызыншы рет есігін ашып отыр. Жылдан-жылға ауқымы да, маңызы да, беделі де артып келе жатқан фестиваль биыл да жоғары дәрежеде өтіледі деп жоспарланып отыр.

«Еуразия» ХКФ-нің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады. Кинофестивальді ұйым­дас­ты­ру және өткізу жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Алматы қаласының әкімдігімен және Қазақстан Кинематографистер Одағымен бірлесе жүзеге асырады.

Биыл кокурсқа 12 кинотуынды енгізіліп отыр. Тізіммен таныс болыңыздар:

  • «Милая» (Италия, 2013)
  • «Анри» (Франция, 2012)
  • «Мои сестры» (Германия, 2013)
  • «Ваджда» (Сауд Арабиясы, Германия, 2012)
  • «Не беспокойся, Сара» (Иран, 2013)
  • «Ило Ило» (Сингапур, 2013)
  • «Цикл» (Түркия, 2012)
  • «Стыд» (Ресей, 2013)
  • «В цветении» (Грузия, 2013)
  • «Страсть» (Қырғызстан, 2013)
  • «Зарандуд» (Тәжікстан, 2013) және қазақстандық фильм – «Бауыр» (реж. С.Апрымов, 2013 – фильм Венеция кинофестивалінің бағдарламасына іріктеліп алынды).

Сондай-ақ, бұл жолғы кинобәйге бағдарламасы айрықша мазмұндылығымен, халықаралық қазылар алқасының құрамымен өзгешеленбек. Қазылар алқасына жаңазеландиялық жазушы және Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» жүлдесін жеңіп алған («Пианино») тұңғыш әйел кинорежиссер, сондай-ақ «Оскар» сыйлығы, Венеция кинофестивалінің «Күміс арыстан» жүлдесінің иегері Джейн Кэмпион төрайымдық етпек.

Сонымен қатар, қазылар құрамында Канн кинофестивалі сыйлығының иегері («Алтын пальма бұтағы» «Убой» фильмі үшін), белгілі азиялық кинорежиссер, филиппин киносында феномен жасаушы, оператор және продюсер  Брильянте  Мендос, арт-хаус жанры бойынша әлемдегі беделді продюсерлердің бірі, испандық продюсер, режиссер, актер және сценарист Луис Минарро, сондай-ақ белгілі американдық сценарист Дэвид Фрацони төрелік етпек. Дэвид Фрацонидің сценарийі бойынша түсірілген «Гладиатор» фильмі «Оскар» сыйлығын бес номинация бойынша жеңіп алған.

Халықаралық қазылар алқасының ең жас мүшесі 28 жастағы қазақстандық Эмир Байғазин. Киногердің «Жарасым дәрістері» атты кинотуындысы қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынып, жүлдеге қол жеткізді.

«Еуразия» кинофестивалінің негізгі мақсаттарының бірі – Еуропа және Азия елдерінің продюсерлері арасындағы байланыс пен барыс-келісті нығайту. Биыл кинофестивальде киноқоры бойынша дөңгелек үстел өткізілмек. Оның ұйымдастырушысы – Берлин кинофестивалі жанындағы World Cinema Fund содиректоры Винченцо Буньо.

«Еуразия» кинофестивалі аясында әлемнің жетекші кинематографистерінің қатысуымен дәстүрлі шеберлік кластары ұйымдастырылады. Кинотанушылар үшін Францияның белгілі киносыншысы Мэтью Даррас және американдық белгілі сценарист, «Еуразия-2013» қазылар алқасының мүшесі Дэвид Фрацони, американдық продюсер «300 спартанцев», «Александр», «Война Богов: Бессмертные» фильмдерін түсірген Джанни Нуннари шеберлік дәрісін өткізеді. Оған қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері, жас кинотанушылар мен киносыншылар қатыса алады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: eurasiaiff.kz