Уэсли Снайпс қатысқан атақты фильмдер

Уэсли Снайпс қатысқан атақты фильмдер

Бүгін 51 жасқа толып отырған Голливудтың атақты актері Уэсли Снайпс соңғы кезде ешқандай фильмге де, үлкен кештерге де қатыспай жүргені белгілі. Алайда оның аты әлі күнге дейін газеттер мен журналдардың бетінен бір сәтке де түскен емес.

Уэслидің соңғы кезде көзге түспей кеткен себебі ол биылғы жылы сәуір айында ғана түрмеден босап шыққан болатын. Одан кейін ол үй қамағында 19-шілдеге дейін отыруға мәжбүр болды. Естеріңізге салсақ, Уэсли Снайпс 2008 жылы штат сотының үкімімен 1999-2001 жылдар аралығында салық төлеуден жалтарғандығы себепті үш жыл түрмеде отыру жазасына кесілген еді. Екі жыл бойына оның берген апелляция қанағаттандырылмай, ақыры актер Пенсильвания штатының федералды түрмесіне тоғытылды.

Алайда оның өнерін мойындаушылар сүйікті актерінің бұл заң бұзушылығына да кешіріммен қарайтын сыңайлы. Оған себеп актердің түрмеде болған жылдарында оның табынушылары оған үздіксіз қолдау көрсетіп, бірнеше рет оны босатуды талап еткен шараларды ұйымдастыруы болды. 

1

Ал біз бүгін актердің тұлға болып қалыптасуына, оның атын әлемге танытуға себебін тигізген бірнеше кинотуындыларға шолу жасамақпыз.

«Нью-Джек-Сити»

«Нью-Джек-Сити» фильмінде Уэлси Снайпс басты рөлді сомдап, кейін ол MTV тағайындаған сыйлыққа ие болды. Фильмде актер ойнаған қанды қол қылмыскер мен өз дегендерінен қайтпайтын полиция қызметкерлері арасындағы шытырман оқиға суреттеледі.

«Ақ адамдар секіре алмайды»

Фильмде басында бәсекелес болып кейін ол достыққа айналған қос баскетболшы арасындағы қарым-қатынас эволюциясы көрсетіледі.

«Талқандаушы»

Бұл кинокартинада Уэсли Снайпс криотүрмеде қатырылған қылмыскерді ойнайды. Фильм 1994 жылы ең көп табыс тапқан туындылардың бірі болды. Сондай-ақ ол ASCAP жүлдесіне ие болды. Ал картина жарыққа шығысымен Уэсли Снайпстың өзі MTV жүлдесінің «Үздік жауыз» номинациясына үміткер атанды.

«Бір түндік кездесу»

Бұл фильм «Алтын арыстан» жүлдесіне үміткер атанып, ал басты рөлде ойнаған Уэсли Снайпс «Вольпи» кубогын жеңіп алды. Фильмде Макс (Уэсли Снайпс) пен Карен арасындағы күтпеген ғашықтық сезімі суреттеледі.

«Блэйд»

Вампирлер жөніндегі атақты фильм «Сатурн» жүлдесінде «Үздік қорқынышты фильм»  категориясына, ал актердің өзі MTV Movie Award жүлдесіне үміткер атанды.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: games.mail.ru

Б. Қосмағамбет