«Қырғыз-қазақ бір туған» фильмі түсірілмек

«Қырғыз-қазақ бір туған» фильмі түсірілмек

2013 жылдың тамыз айында қырғызстандық режисер Нұрлан Адыкадыров «Қырғыз-қазақ бір туған» атты толықметражды кинофильмнің түсірілімін бастамақ, деп хабарлайды қырғызстандық Knews.kg сайты.

Айта кетерлік жәйт, кинотуынды қырғызстандық «Қырғызфильм» мен қазақстандық Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бірлесуі арқылы өмірге келмек. «Кинофильмнің түсірілімі тамыз айының басында басталмақ. Жақын уақытта Бішкекке Қазақстаннан түсірілімге арналған техникалар әкелінетін болады. Сонымен қатар, түсірілім кезінде ел астанасына кинофильмдегі басты рөлдерді еншілеген қазақстандық атақты актерлер келмек», - дейді режисер Нұрлан Адыкадыров

Режисердің сөзінше, аталмыш кинотуынды қырғыз ұлты мен қазақ ұлтының арасындағы мәдени байланысты нығайтып, екі елде де сол жергілікті ұлттармен қатарласып өмір сүріп жатқан басқа да бауырлас ұлттармен (ұйғырлар, татарлар, түріктер, дүнгендер) араларын жақындастыруды мақсат тұтып отыр.

Фильмнің сценарийі бойынша Алматы университетінің студенті саналатын Ихтиандр есімді қырғыз жігіті өз сүйген қызы Диананы Ыстық көлдегі шаңырағына әкеледі. Жастар Ихтиандрдың ата-анасымен және оның туыстарымен бірге Алматыға, Диананы айттыруға келеді. Олар осы жолда көптеген тосын оқиғаларға тап болады. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: province.ru

А. Әбілхан