Күзде «Олимпиадашылар» телехикаясы экранға жол тартады

Күзде «Олимпиадашылар» телехикаясы экранға жол тартады

2013 жылдың күз мезгілінен бастап көрермендерге «Қазақстан» телеарнасынан «Олимпиадашылар» телехикаясы көрсетілетін болады. Телехикаяда үш спортшы достардың: Илья, Саша, Серіктердің тарихы баяндалады. Бұл жөнінде осы жобаның бас продюсері Питер Берман хабарлады.

Телехикаядағы кейіпкерлердің басты прототиптері Илья Ильин, Александр Винокуров және Серік Сәпиев. Әйткенмен мұнда олардың тек есімдері ғана сақталады, ал спортшылардың тегі киноның авторларының шешімімен өзгертілген. Телехикаяның желісі бойынша, барлық үш спортшы да спорт интернатының оқушылары.

Фильмде Александр Виноградов болып аталатын Винокуровтың прототипі алғашқы жарысында жеңіске жетеді. Ал Серік Сәпиев туралы ойдан шығарылған оқиға бойынша ол көше төбелесінен жарақаттанып, мүгедек болып қалады. Оның қайта аяғынан тұруына әжесі көмектеседі. Продюсердің сөзінше, көпсериалы телехикаядағы оқиғалардың жетпіс пайызы шындыққа жанасады. Су жаңа фильмнің сценарийін Питер Берман, Оксано Бондаренко және Мария Шеремет жазған.

Боксшы Серік Сәпиевтің рөлін сомдау бақыты «Жау жүрек мың бала» тарихи драмалық кинофильмінде басты рөлдердің бірін ойнаған жас актер Аян Өтепбергеновке бұйырыпты. Ауыр атлетиканың шебері Илья Ильиннің рөлін бодибилдингтен Азия чемпионы атанған Сергей Селишев ойнайды. Ал Александр Винокуров болып неміс театрының дарынды актеры Филипп Волошин өнер көрсетеді. «Барлық актерлер жақсы ойнайды. Байқасақ, олардың бәрі де тек актер ғана емес, тамаша спортшылар да екен», - дейді продюсер.

Айта кетерлік жайт, осы жобаға дайындық кезінде авторлар тобы Джеки Чанмен де байланысқа шыққан. Бюджеттің лимитіне байланысты қытай актеры телехикаяға түсуден бас тартқан.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет Аян Өтепбергеновтың vk.com сайтындағы жеке парақшасынан алынды

А. Әбілхан