Қазақстандық "Joker" прокатқа қашан шығады?

Қазақстандық "Joker" прокатқа қашан шығады?

Қазақстандық сценарист әрі режисер Т. Жәнібековтың көптен күткен «Joker» кинокартинасы  үш жыл бойғы жұмыстың нәтижесінде 2013 жылдың күз мезгілінде прокатқа шығады.

Қара-ала етіп түсірілген мистикалық атыс-шабысқа толы кинофильмде өз ағасын хайуандықпен өлтіргендерден кек алатын жас жігіттің тарихы баяндалады. Фильмдегі басты рөлдерді жас актер  Денис Литуев және кино саласында төселіп үлгерген ресейлік әртіс Виталий Кищенко және «2012 жылдың ең үздік актеры» атанған «Шал» драмасының басты рөліндегі Ерболат Тоғызақовтар сомдайды. Ал кинофильмдегі әйел образы «Оқытушы» ("Препод") комедиясымен танылған жас актриса Айсұлу Әзімбаеваның еншісіне тиген.  Кинофильмге актерлерді іріктеу үшін бір жыл уақыт өткен. «Маған іріктеуге көптеген актерлер келді. Біз ең кішкентай рөлдердің өзіне дейін анықтап алу керек болған соң, іріктеуді бір жылға дейін создық. Бізде кездейсоқ келген актерлер жоқ», - дейді режисер.

Айта кетерлік жайт, бұл кинокартина Талғад Жәнібековтың режисер ретінде ең алғашқы толықметражды жұмысы болып табылады. Талғад Жәнібеков көрермендерге осы уақытқа дейін сценарист ретінде ғана танылып келген болатын. Басты рөлін Виталий Куценка сомдаған «Әңгіме» («Разговор») кинофильмі мен "Центурион" және «Өмірдің кереметтілігі» ("Прелести жизни") атты кинотуындылардың сценарийінің авторы өзін режисерлік бағытта сынап көруді дұрыс көріпті.

«Joker» кинофильмін өмірге әкелу идеясы Талғад Жәнібековке 2011 жылы келген. Ал ол 2012 жылдың шілде айында киноның жұмысына білек сыбана кірісе бастады.

Кинолента атыс-шабысқа толы. Оған белгілі каскадер Бауыржан Әбішев жауапты болған. Монтаж кезінде өте көп мөлшерде компьютерлік графикалар қолдануға тура келіпті. «Кинофильмде атыс-шабысқа толы көріністер мен мистика басымырақ. Басты рөлдегі актерге кейбір трюктерді жасау қиынға соқты. Өйткені Виталий Кищенко мұндай атыс-шабысқа толы кинокартинада алғаш рет бой көрсетіп отыр. Сондықтан ол бәрін үлкен құлшыныспен орындап шықты», - дейді режисер Талғад Жәнібеков.

"Joker" - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен КТК және САМD телеарналарының бірлескен жобасы. Біраз уақыттан соң интернетке кинофильмнің трейлері де шығып қалады.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

сурет: dailynews.kz 

А. Әбілхан