Шілденің соңына қандай фильм көреміз?

Шілденің соңына қандай фильм көреміз?

Шілденің орта тұсына да әне-міне дегенше жетіп қалдық. Сонымен қатар, керемет киножаңалықтарды да кинотеатрлардан көріп келеміз. Бұл көптің күтіп жүрген кинопремьералары болатын мезгіл екенін де ұмытпайық.

Соңынан басталық, ең «тәтті» кинопремьера осы айдың соңында болмақ. Нақтырақ айтсақ, 25 шілде күні «Росомаха: Бессмертный» фильмі шығады. Бұл көптің күтіп жүрген жаздың жаңалығы болып отыр. Логан есімді бас кейіпкерді сомдайтын Хью Джекман Жапонияға жол тартады. Ол басқа-басқа емес, Якудза қарақшылар тобы бастығының қызына ғашық болады.

Оның әкесімен, ағасымен, туысқандарымен және де басқа да якудза кланының самурайларымен иық тіресуге тура келеді. Фильм Росомаханың басқа да ерліктері секілді бағытта, яғни адам сенгісіз соғысу, таңғалдырарлық сюжет, әсер беретіндей қуатты фильм болуға тиіс. Егер сіз дәл осындай фильмнің көрермені болсаңыз фильм сізге міндетті түрде ұнауы тиіс. Ал 3D форматында көрсеңіз бұл әлемнен тура екі сағатқа жыраққа кетіп, жұдырығынан айыр шығатын адамның кейпінде боласыз, бәлкім.

Дәл осы күні, яғни 25 шілдеде прокатқа «Мерзлая земля» триллері шықпақ. Көрерменнің жүйкесімен ойнайтын фильм үлгілі отбасындағы әке әрі наубайхана қожайыны Роберт Хансеннің өмірі жайлы баяндайды. Ең үрейлісі, осы бір кейіпкеріміздің іші толған түтін екендігі, бұлай демеске шара жоқ, себебі ол аяусыз қанішер болып шығады. Оның құрбандары санатында жиырмаға таяу әйел адам бар. Кезекті бір жапа шегуші қыз оның бөгетінен босап шыққан соң, одан кейін жергілікті полицейлерге арызданған соң әңгіме бітуі керек еді, бірақ аяусыз қанішердің ісіне толған әңгіменің әрменгі жалғасы бар екен. Николас Кейджтің бұл қылмыскермен қалай арпалысатыны жайлы көргіңіз келсе ер-тұрманыңызды сайлай беріңіз, яғни билет, попкорн...

18 шілде күні біззді үш бірдей премьера күтіп тұр. Бұл күні «Призрачный патруль» атты әзілге толы боевикті көруге болады. R.I.P.D департаментінің екі детективінің қылмыскерлерді қандай жағдайларды бастан кешіріп барып, құрықтайтынын көре аласыз. Фильм өте күлкілі болады дейді түсірушілер. Аса мергеннің рөлін ойнайтын Джефф Бриджес пен оның жас әріптесі (Райан Рейнолдс) зұлымдықпен күреседі. Мұны тіпті «Люди в черном» фильмінің стилінде түсірілген деп мақтаушылар да бар екен. Бастысы күле алсаңыз болғаны да...

Сол уақытта «Турбо» көрерменіне жол тартады. Осы аттас ұлудың жылдамдыққа ғашық болатыны жайлы және өз арманына қалай жететіндігі жайлы мультфильм көңіліңізден шығады деп ойлаймыз. Қызықты әрі күлкілі мультфильм балаларға да, үлкендерге де ұнауы тиіс. 3D формат сіздің мульт-әлемге деген қызығушылығыңызды аша түспесе, кейін қайтармайды деп сенеміз.

«Штурм белого дома» – нағыз американдық боевик. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі жас қызметкер бір күнде президентті де, өзінің қызын да белгісіз бір шабуылдан құтқарып алады. Жас қызметкердің рөлін сомдаған Ченнинг Татум, ал президент рөлін Джейми Фокс ойнайды. Соңғысын бәлкім «Джанго освобожденный» фильмінен танып қаларсыз? Әйтсе де, фильм осы жанрдың қызығушыларына ғана қызықты бола ма деген пікірдеміз.

Ал бүгін прокатқа «Тихоокеанский рубеж» фантастикалық боевигі шығып жатыр. Бөгдепланеталықтар Жерге қауіп төндіреді де, бұл істі бір адам өз мойнына алып, қауіптің көзін жоюы керек.

Бүгін тағы да бір фильм жарық көрмек, «Перед полуночью» фильміне махаббаттың қызығы мен ғазалына кенелемін деген әрбір жан бас сұға алады. Ричард Линклейтердің режисерлігімен түсірілген фильм «Перед рассветом» және «Перед закатом» фильмдерінің логикалық жалғасы іспеттес. Басты рөлде Итан Хоук пен Жюли Дельпи. Егер айтылған екі фильмді көрмеген болсаңыз – жағдай жаман деп ойлап қалмаңыз. Фильм осы жанрдың «тұтынушыларына» өте қызықты болады деген ойдамыз. Тіпті киносыншылар да оған жоғары баға беріпті.

Міне, шілденің аяғы осындай бір қызықты кинемотографистік реңкке ауыспақ. Әр фильм әртүрлі жанрда, сондықтан да әркім өзіне керегін алып, көреді. Тіпті жалғыз емес!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: showbizdaily.ru

Ю. НИКУЛЛИН