Баян Есентаева тракторшының махаббаты туралы телехикая түсіріп жатыр

Баян Есентаева тракторшының махаббаты туралы телехикая түсіріп жатыр

Қазақстандық танымал продюсер Баян Есентаева «Хабар» агенттігімен бірлесіп жаңа жобаны қолға алды. Телехикая - "Тракторшының махаббаты" «Любовь тракториста» деп аталады. 

Біз осыған дейін сіздерді бұл хабармен құлақтандырып қойған едік. Баян Есентаева өзінің жаңа кинофильміне сценарий керектігін айтып хабарлаған кезде осы телехикая жөнінде де бір рет ауыз ашып айтып қалған болатын.

16 сериялық телехикая 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап қазақстандық телеарналарда көртсетілетін болады.

Баян Есентаеваның сөзінше бұл комедиялық телехикаяның өзгелерден көш бастайтын түрі бар. Жаңа телехикаяның сценарийі бойынша, әкесінің қыңыр да қырсық қызы ауылға барып, тракторшыға ғашық болып қалады.

Баян Есентаева продюсерлік етіп отырған жобаның режисері – Асқар Ұзабаев. Екеуі де бір-бірімен алғаш рет қосылып ортақ дүние шығаруға кірісіп жатқан жоқ. Өйткені режисер Асқар Ұзабаев «Коктейль для звезды» кинофильмінде де Баян Есентаевмен бірігіп жұмыс жасаған еді.

Продюсер Баян Есентаева мен режисер Асқар Ұзабаев

«Түсірілім таңғы сағат 5-тен түнгі сағат 2-3-ке дейін созылып жатыр. Біз күніне 20 көріністі дайындаймыз. Шамамен телехикаяның жартысын түсіріп біттік», - дейді режисер Асқар Ұзабаев.

Телехикаядағы басты рөлдерді «Kesh You» тобының әншісі Кәмшат Жолдыбаева мен «Ағайындылар», «Жаужүрек Мың бала» кинофильмдері арқылы таныс актер Берік Айтжанов сомдайды.

Сценарий бойынша, басты рөлдегі Кәмшат - әрі сұлу, әрі байдың қызы. Ол болашақта өзін не күтіп тұрғанын білместен, өзінің бай кәсіпкер жігітіне тұрмысқа шығуға дайындалып жүреді.

Кәмшат Жолдыбаева

Кәмшаттың айтуынша, бұл оның кино саласындағы алғашқы сыны емес. Ол «Ғашық жүрек» телехикаясында үлкен рөл болмаса да, сондағы тәрбиешіні сомдаған еді. «Бұл рөлім онымен қарама-қарсы. Сонымен қатар маған жаңа қырымнан ашылуға сәт туғанына өте қуаныштымын», - дейді Кәмшат Жолдыбаева.

Ал басты рөлдегі арудың бай жігітінің рөлінде Гайдар Гильманов ойнайды. Гайдар Гильманов та кино саласына бейтаныс жан емес.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: look.tm

А. Әбілхан