«Бастау» кинофильмі Дубай мен Гонконгта көрсетіледі

«Бастау» кинофильмі Дубай мен Гонконгта көрсетіледі

Канн кинофестивалінде «Қысқаметражды кинофильмдер бұрышы» бағадарламасы бойынша көрсетілген режисер Шарипа Оразбаеваның «Бастау» («Источник») атты қысқаметражды кинофильмі Гонконг және Дубай кинофестивалдеріне шақырту алды. Бұл жөнінде кинокартинаның продюсері Мадияр Қасымов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Канн кинофестивалі біздің басқа да киофестивальдерге жолымызды ашып берді. Біз Дубайға баратын болып отырғанда, Гонконгтан да шақырту алдық», - дейді Қасымов. Канн кинофестиваліндегі көрсетілімнен кейін кинофильмге Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Қытай және Оңтүстік Корея елдерін қамтитын Eurochanel телеарнасы да қызығушылық танытқан.

Продюсерге осы арқылы «Қысқаметражды кинофильмдер бұрышы» бағадарламасының ұйымдастырушысымен танысуға да мүмкіндік туған. «Жоба аясында келесі кинофестивальде қазақстандық кинолардың көрсетілімін ұйымдастыруға болады. Біз олармен алдын ала келісімшарт орнатып та қойдық. Егер біздің жақ қаржыландыруға келісім берсе, жыл сайын жас режисерлердің қысқаметражды кинотуындыларын ғана емес, басқа да кинокартиналарын жарыққа шығаруға тиімді болмақ», - дейді «Бастау»  («Источник») қысқаметражды кинофльмінің продюсері.

«Бастау» - Сизиф туралы ежелгі гректердің аңызын баяндайтын өсиет-кино. Басты рөлдегі кейіпкер адам аяқ баспайтын дала мен шөлді велосипедпен жүріп өтеді. Айтпақшы, басты рөлді сомдаған Ермек Тұрсыновтың «Шал» кинофильміндегі Ерболат Тоғызақов «Бастау» картинасы үшін тегін өнер көрсеткен.

Сонымен қатар, түсірілімге бар болғаны бір күн ғана уақыт кеткен. Осы бір күн ішінде түсірілім тобы Ерболат Тоғызақовпен бірге Ұзынағашты жүріп өткен.

Шарипа Оразбаева мен Мадияр Қасымов Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының жоғарғы режисерлік курсының студенттері. Ал оларды үйретуші шебер – атақты грузин ұлтының режисері және сценарист Ираклий Квирикадзе. Ираклий Квирикадзе көпшілікке танымал «Махаббат аспаздығының 1000 және 1 рецепті» кинофильмінің сценарийін жазған еді. Онда Пьер Ришар басты рөлді сомдаған болатын.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: tengrinews.kz

А. Әбілхан