Жеті рет "Оскар" алған TOM&JERRY

Жеті рет "Оскар" алған TOM&JERRY

Құрметті оқырман, осыған дейін «Қап, бәлем, тұра тұр» атты атақты мультфильмнің тарихы жайлы мәліметпен бөліскен едік. Ал бүгін тағы да аңызға айналған классикалық туындының тарихына үңілмекпіз. Ол – «TOM&JERRY» мультфильмі. Мұны алдымен авторлар сериал етіп шығарамыз деп жоспарлаған жоқ.

Жұртшылыққа жете таныс мультфильм 1940 жылдың 20 ақпанында экранға шыққан еді.

Бірақ оның экранға жол тартуына дейін де төрт жылдық тарихы бар. 1936 жылы сценарист Рич Хоган "Metro Golden Mayer" анимация бөліміне мысық пен тышқанның қызыққа толы оқиғаларының жиынтығын алып келеді. Міне, осыдан бастап, жұмыс қыз-қыз қайнай бастайды.

Айтпақшы, мультфильмнің алғашқы сериясында тышқанға Джаспер деген ат берген. Ал мысықты Том деп атады. Кейінгі серияларында Джаспердің есімі Джерри болып өзгереді. Ал Том өз атымен қала берді.

«TOM&JERRY» мультфильмінің ең бірінші сериясы жарыққа шығысымен-ақ, оны көрермен қызығушылықпен талқылай бастады. Ал 1940 жылы атақты мультсериал «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Әйткенмен одан қайран болмай, бұл сыйлықтан үміттерін үзді.

1941 жылы киноның авторлары «Түн ортасындағы тамақ» деп аталған мультфильмді мультсериал етіп жалғастыруға тәуекел етті. Содан бері олар «TOM&JERRY» мультфильміне арнап 1940 жылдан 1958 жылға дейін 18 жыл бойы «сурет салды».

Ал 1943 жылы «TOM&JERRY» мультфильмі өзінің алғашқы жеңісіне қол жеткізеді. Көптен күткен үміті ақталып, мультсериал «Оскар» сыйлығымен өз қанжығасын майлайды.


Мысық пен тышқанның «ата-анасы» саналатын Уильям Ханна мен Джозеф Барбера 18 жылда 118 серияның тұсауын кесіп үлгереді. Әйткенмен 1958 жылы MGM басшылығы анимация бөлімін жабуға шешім қабылдады. Осыдан кейін ондағы барлық авторлар жан-жаққа тарап, нан табу қамымен өз студияларын аша бастады. «TOM&JERRY» мультфильмінің авторлары да "Metro Golden Mayer" анимация бөліміне өз еншісін алып, бөлек шықты.

2001 жылдың 22 наурызында мысық пен тышқанның авторларының бірі Уильям Ханна өмірден өтеді. Осы сәттен бастап, Барбера әлемнің екі сүйікті кейіпкерімен тек жалғыз өзі ғана жұмыс жасай бастайды. «TOM&JERRY. Мотор» атты қысқаметражды фильмі де сол шақтарда жарық көрген болатын.

2006 жылдың желтоқсан айында Джозеф Барбера қайтыс болады. Әлемді мойындатқан екі кейіпкерімен мың жасайтын екі автор анимация саласында ауыз толтырып айтарлықтай еңбек қалдырды деуге әбден болады.

Айта кетерлік жайт, TOM&JERRY мультсериалы өз тарихында жеті рет «Оскар» сыйлығын жеңіп алды.

Мұндай жеңіс сирек кездеседі. Тіпті Уолт Дисней анимациялық студиясы да мұнша рет «Оскар» сыйлығына қол жеткізбеген.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: celfcentered.com, forum.blu-ray.com 

А. Әбілхан