Француз режиссері Астана жайында кино түсіргісі келеді

Француз режиссері Астана жайында кино түсіргісі келеді

Қазақстанда кино етіп түсіруге тұрарлықтай көп дүние бар. Француз режиссері әрі актері Филипп Лелуштің біздің ел жайлы ойы – осы. Филипп Лелуш бұл сөзін Алматыда өткен «Бүгінгі француз киносы» шарасында айтты.

«Қазақстанда қонақ болған осы екі күн ішінде көрерменге көрсетуге және айтуға тұрарлықтай талай тарихи дүниені кино етіп түсіруге болатындығына көз жеткіздім. Солардың ішінде қарапайым ғана тарихи оқиға ретінде жаңа Астана жайлы кино түсіруге болады», - деді Филипп Лелуш журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар режиссер жақсы сценарий табылса, еліміздің бас қаласы туралы кино түсіруге білек сыбана кірісетінін айтты.

«Өзгелерді өз елінде басындырмау үшін сіздердің президенттеріңіз жаңа  қала тұрғызды. Мысалы, неге осындай ойды өрбітпеске? Оқиға фильмнің негізі ретінде жалғаса береді. Мұндай жайттар біздің жан-жағымызда да орнап жатыр ғой», - деп толғанады режиссер.

Филипп Лелуш кинобизнес саласында 14 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол өз өнер жолын актерлік шеберліктен бастаған. Филипп осы уақытқа дейін 11 рет сәтті рөл сомдап шықты. Режиссер елімізге өзінің жаңа «Күткен (Күтпеген) қонақ» («(Не) Жданный принц») атты кинофильмінің тұсауын кесу үшін келген. Фильмдегі басты рөлде Венсан Перес ойнайды. Режиссердің ойынша, танымал фильм түсіру үшін ең алдымен қомақты қаржы керек. «Табыс сән қуатын емес, оны өзі ойлап табатын авторды күтеді», - дейді режисер.

Сонымен қатар режиссер Филипп: «Кез келген режиссер өзі айта алатын оқиғаны таба білуі керек. Ал мұнда ондайлар жетерлік. Сіздерге қазаққа тән оқиғаға ғана көңіл аударуға тырысу керек. Сіздерге америкалықтардың киносына еліктемей-ақ қою керек. Бәрібір үлгермейсіздер: оларда техника дамыған және олардың ақшалары көбірек. Голливудты қуып жету қиын. Қуып жетудің де, еліктеудің де керегі жоқ. Әр режиссер өзінше жаңа дүние алып шығуға талпынуы керек», - деп түсіндірді.

Режиссердің сөзінше, Қазақстан, оның ішінде Алматы сан түрлі ұлт пен мәдениеттің қайнаған ошағы. Дәл осы көпұлттылық арқылы кино әлемінде қанат жаюға әбден болады. «Мен өзіме ұлт ретінде нағыз қазақ қалай болар екен деп сұрақ қоямын. Міне, осының өзі-ақ ойландырады», - деп қорытындылады сөзін Филипп Лелуш.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: news.mail.ru

А. Әбілхан