Қытай қазақ киносын көріп жатыр

Қытай қазақ киносын көріп жатыр

Үстіміздегі 2013 жылдың 17 сәуірінде Бейжіңдегі «Broadway Cinema» кинотеатрында Қытайдағы қазақстандық кино апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты жиында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Нұрлан Ермекбаев, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының Президенті Ермек Аманшаев және Қытайдың Мемлекеттік баспасөз, басылым, радио, кино және теледидар жөніндегі бас басқармасының басшылары Чжан Пиминь мен Ла Пэйкан сөз сөйледі. Сонымен қатар, қытайлық мемлекеттік органдардың, іскерлік, ғылыми, академиялық топтардың өкілдері және қазақстандық киноға қызығушылығын танытқан қарапайым көрермендер қатысты. 

ро

Баспасөз конференциясы барысында қазақстандық делегация қытайлық, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін еліміздің қазіргі кинематография, қазақстандық кино фестивалінің шеңберінде көрсетілетін фильмдермен таныстырып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Фуршет кезінде қонақтар еркін түрде қазақстандық әртістермен танысты. 

"Айта кетелік, қазақстандық кино апталығы Бейжіңде 2013 жылдың 17-22 сәуір аралығында өтеді. Шара аясында қытайлық көрермендер «Балалық шағымның аспаны», «Шал», «Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Махаббат тәлкегі» және «Ғаламтордағы махаббат» картиналарын көре алады. Аталған шара мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаластықтарға сәйкес, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және ҚХР Мемлекеттік баспасөз, басылым, радио, кино және теледидар жөніндегі бас басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылуда", - делінген таратылған ақпаратта. 

ро

Қазақстандық делегация құрамына режисер Сатыбалды Нарымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байкенже Белбаев және актерлер Ерболат Тоғызақов, Фархат Әбдірайымов, Берік Айтжанов, Аян Өтепберген, Максим Ақбаров кірді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ©Cыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Massaget