Қазақстандық қос кинофильм DetectiveFEST фестиваліне қатысады

Қазақстандық қос кинофильм DetectiveFEST фестиваліне қатысады

Қазақстандық қос кинофильм ХV Халықаралық детективті фильмдер мен Мәскеудегі DetectiveFEST құқық қорғау тақырыбындағы телебағдарламалық фестивальге қатыспақ. Бұл жөнінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ақпараттық қызметі мәлім етті.

Фестивальде «Құқық қорғау, атыс-шабыс және әскери тақырыптағы үздік кинофильм» номинациясы бойынша режисер Талғат Теменовтың «Менің күнәлі періштем» фильмі мен Тоқтар Қарсақбаевтың «Махаббат әткеншегі» мелодрамасы бақ сынамақ.

«Менің кинофильмім жанр бойынша детективті фильмдердің фестивалінің форматына келмейді. Сондықтан бұл шақыртуға әрі таңданып, әрі қуанып қалған жайым бар», - дейді режисер Қарсақбаев.

Айта кетерлік жай, бұрындары DetectiveFEST-ке «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі қатысып, «Үздік детективті кинофильм» атанған еді.

Халықаралық DetectiveFEST фестивалі 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Кинофестивальдің президенті – Юрий Митюшин.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: tengrinews.kz

А. Әбілхан