«Қоғамның талабы» деген сөз жоқ

«Қоғамның талабы» деген сөз жоқ
Фото: blog.positiveluxury.com

Қай заманда қандай жағдай болмасын «Қоғам талабы сондай ғой» деп жылы жаба саламыз. Осы «қоғам талабы» деген не, оны біреу ойлап тапты ма әлде жалпы санаға сіңіп кеткен тіркес пе?! 

Қоғам талабы – қоғамның талабы емес, адамның қалауы ғана. Әркім жеке тұлға ретінде өз пікірін білдіреді, сол секілді жеке ел ретінде әрбір қоғам жасаушы халық тәрбиесін де, салтын да, дәстүрін де өзі қалаған талаппен басқарады. Арнайы бір қоғамның талабы жоқ. Ол сізді басқармайды. Сізге үкім немесе күш көрсетпейді. Тек сіз сол тіркестің құлысыз.

Біріншіден, «қоғам» деген сөзді жасаушы – адамдар, белгілі бір халық. Өзіндік салты, ғұрпы, заңы мен таңбасы бар елдің біріге келіп жасап отырған ортақ әрекеті. Бұл – қоғам. Ендеше қоғамды жасаушы – халық, оның талабын да қалыптастырушы сол ел.

Екіншіден, қоғамның талабын өзгертуге және онымен бірге жасауға да болады. «Қоғам талабы» балаңыздың әлеуметтік желіге байланғанын қалап тұрса, сіз «талап солай, қайтеміз» деп қол сілтейсіз бе?! Өкінішке орай, солай. Бірақ қарсы шығуға болады. Өйткені сіз осы қоғамның бөлшегісіз. Тиым салуға да құқыңыз бар.

Уақыт – жел секілді бір ырғақпен өтіп жатқан құбылыс. Қоғам сол уақытқа тәуелді. Уақытқа қарсы келуге болмайды, бірақ қоғамның ағысына кері жүзуге, оған өз күшіңді, талабыңды орындатуға шамаң жетеді. Тек жігер мен қайрат, білім мен жан-жақтылық, тәрбие мен тағылым керек.

Айтқанның айтағында, жетектегеннің жетегінде кетпеңіз! Талапты сіз бірінші қойыңыз!

М. Ақан