Астана аялдамасында ер адамды ұрып-соққан жасөспірімдердің ісі сотқа жіберілді

Астана аялдамасында ер адамды ұрып-соққан жасөспірімдердің ісі сотқа жіберілді

Астана аялдамасында ер адамды ұрып-соққан жасөспірімдердің ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы Tengrinews.kz астаналық ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбековаға сілтеме жасай отырып хабарлады. Еске сала кетейік, жасөспірімдердің ер адамды ұрып-соққаны видеоға түсіріліп, Интернетте жарияланған еді.

"Тергеу аяқталды. Үш жасөспірімге қатысты іс Астана бойынша кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Ер адамды ұрып-соғу ісі "Бұзақылық" бабы бойынша қаралатын болады. Сот отырысының нақты қай күні өтетіні әзірше белгісіз", - деді Қылышбекова.

Еске салайық, бұл оқиға түсірілген видео "Вконтакте" желісінде жарияланған еді. Видеодан екі жас жігіттің аялдамада отырған ер адамға тиісе бастағанын көруге болады. Ер адам балалардың сұрағына жауап бермейді. Сол кезде көк күртесі бар жасөспірім қалтасынан пышақ алып шықты. Кейін көп сөзге бармай, ер адамды тепкілей бастайды.

Бұл кезде видеоға түсіріп тұрған адамның күлгені естіледі. Ролик авторы мен басқа да жасөспірімдер әлеуметтік желілерден өз аккаунттарын өшіріп тастады. Кейін полиция үш бұзақының да ұсталғанын хабарлады. ІІД мамандары жасөспірімдердің екі жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтты.

сурет: tengrinews.kz

Е. Қайрахан