Жаңа заман жастары: Z буынынан үйренуге тұрарлық қасиеттер

Жаңа заман жастары: Z буынынан үйренуге тұрарлық қасиеттер

Қазіргі заманның балалары мен жасөспірімдерін «Z ұрпағы» деп атаймыз. Бұл категорияға 2000 жылдан кейін туылғандардың барлығы жатады. Олар ата-аналарына мүлдем ұқсамайды: олардың өмірлік қажеттіліктері, мотивациялары және әлемді қабылдауы мен онымен қатынас құру тәсілдері мүлдем өзге. Адам қызығардай өзге. Сол себепті олардан күнделікті дағдылар мен өмірге деген көзқарастарды үйренуге болады. 

1. Креативтілік

Жаңа ұрпақ үшін өзін-өзі көрсете білу ерекше маңызға ие. Әлеуметтік желілер  қазір еркіндік көзіне, адамның болмысын трансляциялайтын кеңістікке айналды. Тіпті қоғам олардың жұмысын көріп, дереу кері байланыс бере алатын болды. CommScope сауалнамасына сәйкес, Z буынының жартысынан көбі контентті өздігінен жасайды: олар бейнебаян түсіреді, ән айтады, билейді, сурет салады және мемдар жасайды. Жасөспірімдердің 37%-ы танымал видеоблогер болуды армандайды. Шығармашылық олар үшін адамдармен тіл табысып, құрбыларын шабыттандыру көзі.

Сондай-ақ, олардан үйренуге болатын маңызды қасиеттердің бірі – олардың сынға деген көзқарасы. Олар жаман комментарийлерге басқа буын өкілдеріне қарағанда оңай қарайды. 

2. Конвергенттілік

Z ұрпағы – нағыз уақытты басқару виртуоздары. Олар «барлығы өз қолымнан келеді» деген философия ұстанады. Мысалы, әлеуметтік желі жұлдыздары бейнебаяндарын толығымен өздері әзірлейді, түсіреді және монтаждайды. Қазір музыка жазудың өзіне продюсерлердің қажеті жоқ: сазды өзіңіз жазып алып, дыбыстық редакторда өңдеп, интернетте өзіңізді жарнамалайсыз.

Сондықтан олар аз уақыт аралығында көп нәрсе жасап үлгереді. Бір сәтте достарымен топтық чатта сөйлессе, бір минуттан кейін "stories" жазады, одан кейін Google-де тегін онлайн бағдарламалау курстарына қатысады...

Технологиялар бір уақытта бірнеше нәрсені жасауға мүмкіндік беретін жақсы көмекші қызметін атқарады. 

3. Экологиялық жауапкершілік

Қазір экологиялық мәселелер әлемнің басты назарында. Швециялық эко-белсенді Грета Тунбергтің сөйлеген сөздері соның жарқын мысалы. Ресей ғылым академиясының Психология институтының зерттеулері көрсеткендей, қазіргі балалар мен жасөспірімдер де ормандарды сақтау және климаттың өзгеруінің салдарымен күресу секілді проблемалармен айналысады. Олар сабақтарда экологияға қатысты сұрақтарға жауап іздейді, қалдықсыз (қалдықтарды азайту) қағидаларын қабылдайды және қалдықтарды сұрыптау туралы ата-аналарының да білгенін қалайды. Жаңа ғасыр балалары өздерінің және жақын адамдарының өмірі жайлы болуы үшін планетаны сақтау және таза ету керек екенін түсінеді. 

4. Адамды өзгертуге тырыспай, оны бар болмысымен қабылдау

Өзін белгілі бір ортаға жатқызуға тырысу қай кезде де болды. Мысалы 15-20 жыл бұрын жасөспірімдер өздерінің белгілі бір субмәдениетке жататынын көрсетуге тырысты. 2000 жылдардағы жастар рокерлер мен рэперлер арасындағы текетіресте өз позициясын ұстанды.

Z буыны керісінше өздерін «басқалардан» оқшаулауды емес, сол үлкен қауымдастықтың бір бөлігі болуды көздейді. Олар үшін сіз қандай музыканы тыңдағаныңыз және қандай стильдегі киім кигеніңіз маңызды емес - сіздің қолыңыздан не келетіні және қандай екеніңіз маңыздырақ. Яғни, адамды бар болмысымен қабылдау қасиетін игерген. Бүгінгі қауымдастықтар танымал блогерлер, бейне ойын арналары және әлеуметтік желілер айналасында қалыптасады. Сондықтан, мысалы, Likee қосымшасы балалар арасында танымал болды, ол қысқа бейнелер жасауға және белсенді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Оның пайдаланушылары өздерін «Лайкерлер» (және тек блогерлер емес) ретінде анықтайды, бір-бірін қолдайды және ынталандырады, флешмоб челлендждерін бастайды, виртуалды достармен «дуэттер» жазады. Әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас көбінесе оффлайн кездесулерге ұласып, шынайы достыққа айналады. 

5. Қаржылық тәуелсіздік пен жауапкершілікке ерте келу

Заманауи жеткіншектер жас болғанына қарамастан табыс табуды ерте бастайды, жеке бюджетін қалай басқару керектігін біледі және қаржылық тәуелсіздікке ұмтылады. Олар гаджеттер мен цифрлық технологияға қатысты дағдыларды тез үйренеді және игереді. Олардың көпшілігінде шын мәнінде оларды сарапшы ететін білім мен тәжірибе бар.

6. Өз болмысын жария етуден ұяумау

Танымал әлеуметтік желілердегі аккаунт иелерінің арасында өз өмірін әшекейсіз көрсетіп жүргендер де аз емес. Мысалы, шағын қала немесе ауылда тұратын жастар өз видеоларын көріксіз үйлердің, мектеп дәліздерінің және жергілікті сауда орталығының фонында түсіреді. Гламур мен пафос оларға және олардың жазылушыларына жат нәрсе. Instagram-дың пайдаланушылары жиі жасайтындай «әдемі» өмірді ойнаудың орнына, олар шындықты жасырмайды және өздерін аңғал етіп көрсетуден қорықпайды. Байлық пен мәртебе жасөспірімдер үшін өмірлік тәжірибелерден маңызды емес. Z буынынан әлемге өзіңізді шынайы болмысыңызбен көрсету және сыннан қорықпау қабілетін міндетті түрде үйрену керек.

А. Оралқызы