"Астана кештері" өнер фестивалінің екінші концерті қалай өтті?

"Астана кештері" өнер фестивалінің екінші концерті қалай өтті?

Елордада "Астана кештері" халықаралық өнер фестивалінің "В танцевальном ключе" атты екінші концерті болып өтті, – деп хабарлайды "Дегдар" гуманитарлық қорының баспасөз қызметі.

Биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтетін өнер фестивалі "MuzVac - үздік музыкалық вакцина!" ұранын арқау етіп, Елорда күнін мерекелеу аясында өткізілуде. Фестиваль аясындағы барлық концерттердің басты қонақтары – Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері.

Фестивальдің екінші күнінде өнер сүйер қауым Германия елінің пианисті Георги Мундровтың концертін тамашалады. Бұл – әлемге әйгілі оркестрлермен жұмыс істейтін музыканттың Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетуі. Концерттік бағдарламаға Ф. Шопен, И. Альбенис, К. Дебюсси, Р.Шуман, А. Пьяццола және т.б. авторлардың туындылары енді.

Жаңа концерттің ерекше бағдарламасы туралы өзінің пікірін "Астана кештері" фестивалінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев білдірді:

Бағдарлама атақты классиктер мен заманауи композиторлардың шығармаларынан құрылды. Шопен, Дебюсси, Шуман сынды түрлі кезеңдерде өмір сүрген авторларда би жанрында жазылған ерекше туындылар бар. Өнер сүйер қауым бүгінгі концертті зор ықыласпен қабылдады. Бүгін медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған әрбір шығарма оларға рухани күш-қуат сыйлады. Көрерменнің қошеметі соған дәлел, - деп жеткізді ол.

Танымал музыканттың виртуозды шеберлігі және залдағы ерекше атмосфера елордалық көрерменді шын мәнінде тамсандырды. Классикалық музыка мен би ырғағын шебер үйлестірген Георги Мундров тіпті көрермендерден концерт кезінде билемеуді сұрады.

Пианисттің айтуынша, ол "Астана кештері" фестиваліне қатысу ұсынысын зор қуанышпен қабылдады.

Қазақстандық тыңдармандармен жүздескеніме шын ризамын. Әртістер де, көрермендер де осындай музыкалық кездесулерді ұзақ күтті. Көңіл жадыратар әдемі әуендерді естіген тыңдармандардың билегісі келгені залдағы атмосферадан анық сезілді. Сондықтан мен концерт кезінде әзілдеп, көрермендерден билемеуін өтіндім. Бірақ соған қарамастан олар жақсы әсер алды деп сенемін. Пандемияға байланысты өнер сүйер қауым көптеген іс-шаралар мен музыкалық фестивальдерден ажырап қалғаны белгілі. Бүгінгі көрермендер медицина саласының қызметкерлері екендігін ескерсек, бұл кеш оларға нағыз рухани демеу болды деп білемін, - деді Георги Мундров.

Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, "Астана кештері" фестивалі  "MuzVac - үздік музыкалық вакцина!" деп аталатын медицина қызметкерлеріне арналған үлкен концертпен аяқталады. Концертке белгілі отандық әртістер мен өнер ұжымдары және Италия мен Швецияның өнер жұлдыздары қатысады. Бұл концертке де Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері шақырылады. Концертте барлық санитарлық нормалар сақталады. Көрермендер концерттік залға "Ashyq" жүйесі арқылы кіре алады.

Н. Үсенова