Пандемия салдарынан 450 жылдық тарихы бар паб жабылды

Кеше Оксфорд қаласында аты аңызға айналған The Lamb and Flag аталатын тарихи паб жабылды. Оның қала ортасында пайда болғанына 450 жыл болған еді. Осынша уақыт ішінде ол студенттер, жазушылар мен өнер адамдарының сүйікті мекеніне айналған болатын.

Алғаш рет ол 1566 жылы ашылғанымен, қазіргі мекенжайына 1613 жылы көшті. Тарихи нысан Оксфорд университетіне қарасты Әулие Иоанн Колледжінің меншігіне жатады. Кезінде "Сақина әміршісінің" авторы Джон Толкин мен оның досы әрі әлемге "Нарния хроникаларын" сыйлаған Клайв Льюис бұл жерге жиі келетін.

"Онда теледидар да, музыкалық автомат та жоқ. Ол достардың бір біріне жан сырын ақтаратын жер еді. Ескі атмосферасын сезіну үшін баратын. Ол жердің тарихи мекенге айналуына студенттер, қала тұрғындары мен туристер зор ықпал етті", – дейді CAMRA пабтар ұйымының өкілі Дэйв Ричардсон.

Карантиндік шектеулер салдарынан паб шығынға ұшырап,  31 қаңтар күні жабылды.