Бейсен Құранбектің шәкірттеріне жиі айтқан ақылы

Бейсен Құранбектің шәкірттеріне жиі айтқан ақылы
Фото: sn.kz

Бүгін белгілі тележурналист Бейсен Құранбек көзі тірі болғанда 49 жасқа толар еді. Оның есімі күллі қазақ жұртына "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламалары арқылы жақсы танылды. Ол осы бағдарламалар арқылы қаншама тағдырға әсер етті, қаншама ізгі қадамдарға жол ашты. Жүздеген адамдардың жүрегінде шындыққа, әділдікке деген сенім ұялатты.

Бейсен Құранбек өмірде де айналасындағыларға, әріптес іні-қарындастарына ақылын айтып, өмірде дұрыс адам болып қалыптасуына көп көңіл бөлген кісі. Қазір "Бейсен Құранбек айтты" деген сөздер ел арасына тәлім-тәрбие ретінде таралған. 

Осы орайда Massaget.kz порталы Бейсен Құранбектің шәкірттеріне хабарласып, оларға қандай ақыл-кеңес айтқанын сұрап білді.

Әзиза Ғазезқызы, журналист:

Аға бізге үнемі "Біреудің уақытын ұрламаңдар. Сен біреудің ақшасын немесе қымбат дүниесін қайтарып бере алуың мүмкін, бірақ ешкімнің ешқашан уақытын қайтарып бере алмайсың. Сондықтан ұрлықшы болмаңдар!" деп ұрсатын. Аға бізге көп ұрыспайтын, ұрысса тек осындай адами құндылықтар үшін ұрысатын. Осының бәрін өз уақытының санаулы екенін біліп айтты ма деп ойлаймын. Сосын аға бізге кез келген қарым-қатынасты ұстап тұратын 5 ереже бар дейтін:

1. Сөз қолдау (қандай көмек керек, сенің қолыңнан келеді, саған сенемін, құлағым сенде, т.б);

2. Көмектесу (үйіп-төгіп апарып бер деген ешкім жоқ, қолыңнан келгенше тырыс. Жәй сөз боп қалмасын);

3. Толық назар аудару (тыңда, түсін, назарың, ойың сол адамда болсын)

4. Физикалық байланыс (құшақта, сүй, қолын қыс...)

5. Сыйлық сыйлап тұр (жай бір шоколад ала сал, бір кәмпит. Көп адам мұны ескермейді, бірақ бұл маңызды)

Аға ылғи: "Ешкімді кінәлама, ешкімді сынама!" деп айтып отыратын. "Мен біреуді жамандағанымды, сынағанымды естідіңдер ме? Одан адамға келіп кететін пайда жоқ", - дейтін.

Мұның бәрін аға маған студент кезімнен бастап үйретті. Ағаның ешкімнің көңіліне тигенін, ренжіткенін көрмедім. Ол жылағанды ұнатпайтын. Қазір жылап есіме алғым келмейді, әттең. Себебі аға бізге үнемі қуаныш сыйлады. Ағаның жанында жүрген жеті жыл маған берілген Тәңірдің ең үлкен сыйы екен.

Ақжелең Рахатдин, журналист:

Бейсен ағаның қасымызда жүргенінің өзі ақыл еді. Түсірілімнен шыққан соң, шаршап креслода телефонына қарап отыратын. Аға сол кезде телефонына мән бермей, айналасындағы адамдарды бақылап отырады екен. Кім не істеп жүр, кім жұмысын қалай істеп жүр, кімнің көңіл-күйі жоқ. Соның бәрін бақылап артынан сол адамды шақырып, шай ішуге алып кетіп, сөйлесетін. Мәселесі болса, бірге талқылайтын. Аға аптасына 1-2 рет қана келеді. Бірақ айналасындағы адамдардың барлығының не істеп жүргенін біліп жүреді деп таңғалатынбыз.

Кейін тағы бір қайталап айтатын кеңесі "адамның уақытын ұрламаңдар!" дейтін. Өзі кез келген жерге уақытынан бұрын баратын. Кешігіп келсек, бізге ұрсатын. Ол үшін бізге "штраф" жазғызып, "кешіккенің үшін мынанша теңге төлейсің" дейтін. Бізге жиналысты аға көбіне Сыдық ағаның шұбатханасында шай беріп өткізетін. Егер жиналысқа кешігіп келсек, жүз теңгедей "штраф" белгілеп кейін соны шайға қосып жіберетін. Аға осы арқылы бізге уақыттың қадірін түсіндіргісі келді. Аға жиналыстан соң қалған жастарға "сен қашан үйленесің, сен қашан тұрмысқа шығасың?!" дейтін. "Заметкасына" бойдақтардан қай күні тұрмыс құратынын немесе үйленетінін жазатын. Мысалы Әзиза "2018 жылы 28 қараша" десе, оны белгілеп қоятын. "Осы күнге дейін тұрмысқа шықпасаңдар, мен кімді айтам, соған шығасыңдар" дейтін. Осылай Бейсен ағаның айтуы бойынша үйленген 90-ға жуық жұп бар екен.

Керім Аянқызы, журналист:

Бейсен аға  мына үш нәрсені мықтап үйреткен еді: Айыптама! Шағымданба! Ақталма!

Басында үйрену қиын болды. Қит етсе болды, өзімді ақтағым кеп "аға, анау кісі ғой бүйткен" дей бергеннен-ақ сөзіңді тыңдамай сұқ саусағын көрсетіп "Тоқта! Шағымданба!" деп тағы бір ескертетін еді. Кейін болған іске ешкімді кіналамауға тырысатын болдым. Әр нәрсенің себебін өзімнен іздеуді үйрендім. "Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем өзімнен" деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзін ағадан жиі естіп, болған іске ешкімді айыптамайтын болдық.

Біреуге кінә артып, оған басқасы да сене бастаған сайын тек адамның теріс жағын аңдуға, әр жерден кір іздеуге ұмтылып тұрады екенсің. Аға бәрімізді өсек айтудан, өзімізге  кір жағып жүруден құтқарды. Бәрінен бұрын осы үш нәрсені қағида қып алғалы өмірдің тамаша екенін ұқтым. Әйтпесе, ішіміздің бәрі кінә, реніштерге толып, жаман энергиямыз шашылып жүретін еді. Ал ақталмас үшін жасайтын ісімді "осы дұрыс па?" деп бірнеше рет ойша қорытып алатын болдым. Бұл соңында "қап" демес үшін әр ісімізді тиянақты ойланып істеуге көмектесті.  Әлі күнге дейін осы үш ескерту миымда саңқылдайды да тұрады. Дер кезінде есімді жинауға тырысамын.

Т. Раушанұлы