Youtube: 1 күнде 50 миллион рет қаралған видео

Youtube: 1 күнде 50 миллион рет қаралған видео
Фото: vk.com

2 ақпан күні Майамидегі Hard Rock Stadium стадионында "Сан-Франциско Форти Найнерс" пен "Канзас-Сити Чифс" арасында Суперкубок финалы өтті.

Оның басты хедлайнерлері болған Дженнифер Лопес пен Шакира нағыз америкалық жұлдыздар деңгейіндегі әсерлі шоу арқылы бар әлемді өздеріне қаратты. Олардың онсыз да хас шоумен екені Жер жаһанға мәшһүр, бірақ бұл жолы олар бар болғаны 14 минуттық қана көрсетілімде баламасы жоқ 8 образ ауыстыруымен көрерменді тәнті етті.

Шоуды бірінші болып ашқан Шакираның үстіндегі киім 2 миллион Swarovski кристалдарымен безендірілген. "Шакира – "супержұлдыз" деген атаққа лайық өнерпаз, оның ерке болмысы мен мінсіз талғамын осы Swarovski тастары дәл жеткізеді", - деді әншінің стилисі Николас Брю.  

Шакира "She Wolf", "Empire", "Whenever, Wherever" әндерін  орындаған кезде үстіне қысқа қызыл топ-бюстье мен белдемше киді. Жауынгер әйел Амазонканың образын 30000 асыл таспен көмкерілген The Dan Life етігі толықтырды.  

Бұдан кейін Шакира Bad Bunny-мен бірге Карди Бидің I Like It аталатын хит әні мен өзінің Chantaje композициясын орындады. Бұл кезде мінсіз денесіне құйып қойғандай әдемі белдемше оның көркін аша түсті.  

"Мен бұл образ арқылы оның әр қимылына үлкен физикалық дайындықты қажет ететінін, Шакираның шын мәнісінде тек әнші-орындаушы, керемет биші ғана емес, қандай мықты спортшы екенін де көрсеткім келді ", - деді дизайнер пресс-релизде.

Финалда Шакира Дженнифер Лопеспен бірге өнер көрсетті. Шакираның үстіндегі киім толықтай алтынмен көмкерілген, ал аяқтарына Adidas Superstar  арнайы жасаған биік өкшелі кроссовкалар болды.

"Екінші образда алтынға акцент берілді, себебі олар Суперкубок чемпиондары алдында өнер көрсетті,"- деді Питер Дундас.

Шакирадан кейін сахнаға шыққан Джей Лоның үстінде байкерлердің былғары бодиі болды. Ол да алтын шеге пішінді декормен безендірілген, бас киімі мен ботфорттары қара кристалдармен көмкерілген.  Ең алғашқы секундтардағы алқызыл белдемше 7 метр жібек матадан тігілген.

Бұл образды жасауға 1991 жылы Vogue журналына арнап атақты фотограф Питер Линдбергтің Марлон Брандоны түсірген  Wild at Heart фотосессиясы себеп болған.  

Джей Ло мен оның қасындағы 130 бишіні Роб Зангарди мен Мариэль Хенн киіндірген. Атақты стилистер әншімен 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Осы 6-минуттық шоу үшін біз 213 костюм мен 143 түрлі аяқ киім тігіп шықтық. Дженнифердің екі сағаттық шоуларының өзіне біз 140 қана образ жасайтынбыз", -деді  Зангарди The Hollywood Reporter-ге берген сұхбатында.

Бір қызығы, әр киімді ауыстыруға тек 7 секунд уақыт болған. Финалда көрсеткен шоуда Дженнифер 800 былғарыдан тігілген күміспен көмкерілген костюм киді.

Соңғы Let's Get Loud әнін Лопес қызы Эммамен бірге орындады. Бұл ешкім күтпеген оқиға болды.

А. Оралқызы