2020 жылы Димаш қай елдерде өнер көрсетеді?

2020 жылы Димаш қай елдерде өнер көрсетеді?
Фото: muz-tv.ru

2020 жылы танымал әнші Димаш Құдайберген Ресей, Украина, Беларусь, Германия, Чехия және Латвия мемлекеттерінде жеке концертін береді, деп хабарлады Sputniknews.kz. Бұл туралы әлеуметтік желідегі Eurasian Fan Club парақшасында жазылған.

Ақпандағы концерт

16 ақпанда Димаш сағат 19:00-де Краснодар қаласындағы "Баскет Холл" спорт кешенінде өнер көрсетеді. 

Ал 20 ақпанда қазақстандық әнші сағат 19:30-да Қазандағы "Татнефть арена" спорт кешенінде жеке концертін береді.

Үш күннен соң, 23 ақпанда Димаш Құдайберген Екатеринбург қаласына барады. Онда ол "Екатеринбург-ЭКСПО" халықаралық конгресс-орталығында көрермендерге жеке концерттік бағдарламасын ұсынады. 

Наурызда қайда өнер көрсетеді?

7 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Димаш Құдайберген Латвия астанасындағы "Рига Арена" спорт кешеніде жеке концертін береді. Концерттің билеттерін электронды түрде сатып алуға мүмкіндік бар. 

9 наурызда қазақстандық әнші Мәскеудегі "Мегаспорт" спорт сарайында ән айтады. 

Ал 11 наурызда Димаш Украина астанасы Киевте өнер көрсетеді. Билеттерді сатуға арналған сайтта әншінің жеке концертіне ерекше жарнама жасалыпты.

"Жеке концерттен ерекше әсер аласыз. Сіздер әншінің талантына куә болып, эксклюзивті шоуды көруге мүмкіндіктеріңіз бар", - делінген хабарламада.

Германия мен Чехиядағы концерт

Германия мен Чехия тұрғындарының да Димаштың өнерін тамашалауға мүмкіндігі бар. Алты октавалы әнші 19 наурызда Гамбург қаласындағы Barclaycard Arena-да жеке концертін береді. Концерт сағат 20:00-де басталады.

Сондай-ақ Димаш 21 наурызда Дюссельдорфта өнер көрсетеді.

25 наурызда қазақ әншісі Прагадағы TipSport-Arena спорт кешенінде ән шырқайды. Концерт кешкі сағат 20:00-де басталады делінген.

29 наурыз күні әнші Германияның Штутгарт қаласында сағат 20:00-де жеке концерт береді. 

Ал 4 сәуірде Димаш Құдайберген сағат 19:00-де "Минск-Аренада" өнер көрсетеді. 

Т. Есқали