Қызық премия 2019: Жыл плагиаты – Төреғали Төреәлі

Қызық премия 2019: Жыл плагиаты – Төреғали Төреәлі

19 желтоқсан күні Алматыда "Қызық премия" – өнер саласындағы, желідегі жұлдыздарды марапаттауға арналған премия кеші өтті. "Қызық Times" бағдарламасының негізінде жарыққа шыққан жоба биыл екінші рет ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімде қазақ эстрада жұлдыздары, танымал спортшылар мен желі жұлдыздары төбе көрсетті. Шоу-бағдарламаның өзгешелігі – табысталатын номинация атауларының ерекшелігінде. Назарларыңызға таңдаулы номинация атауларын және жеңімпаздар есімін ұсынамыз.

Жыл плагиаты

Қазақ эстрадасының қоржынына 2019 жылы қосылған плагиат әндер арасынан Төреғали Төреәлінің “Қымыз іштім” әні үздік деп бағаланды. Бұл – италиялық әнші Ин-гридтің 2001 жылы жарық көрген Tu es foutu атты әні.

Жыл тойы

Соңғы жарты жылда әлеуметтік желіде қызу талқыланған тақырыптың бірі – актер Тәуекел Мүслімнің отауы құруы болды. Сұңғыла бойымен, келісті келбетімен талай қыздың арманына айналған актер биыл құсын қолына қондырды. Тәуекелдің айтуынша, үйлену тойы келесі жылға жоспарланған. Той әлі өтпесе де, Тәуекел мен Махаббат бұл номинацияда үздік атанды. Айта кетейік, лауреаттар арасында Нұрғали Нүсіпжанов және 15 жаста отау көтерген ақтаулық жасөспірімдер болды.

Жыл жанкүйері

Жыл жанкүйері номинациясын “Астана” футбол клубының жанкүйері Бексұлтан Закария жеңіп алды. Астана-Манчестер Юнайтед матчында Бексұлтан мына видеосымен желіде танымал болған еді. Бексұлтанға жүлдені футболдан Қазақстан құрама командасының ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Елдос Ахметов табыстады.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Beksultanzakariya (@beksultanzakariya3)28 Ноя 2019 в 8:14 PST

Жыл жекпе-жегі

2019 жылы спортшыларымыз үшін табысты жыл болды. Бұл аталым бойынша Геннадий Головкин мен Деревянченко арасындағы кездесу, Қанат Ислам мен Уолтер Каутондоква кездесуі, Жалғас Жұмағұлов пен Али Багаутинов арасындағы жекпе-жек және Нұрболхан мен Ләйлә теке-тіресі (әзіл) үмітті болды. Үздігі Жалғас Жұмағұлов пен Али Багаутинов арасындағы жекпе-жек атанып, жүлде Жалғасқа бұйырды.

Жылдың үздік екінші орыны

Бұл аталымда жүлде бірауыздан Ержан Максимге бұйырды. Еске сала кетейік, Ержан Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision 2019 байқауында екінші орын алды.

Жыл рекорды

Ерке Есмаханның “Қайда” әніне түсірілген бейнебаяны Youtube видеохостингінде 100 миллионнан астам қаралым жинаған. Бұндай нәтиже қазақ youtube желісінде бұрын соңды болған емес. Сәйкесінше, бұл номинация Ерке Есмаханға бұйырды.

Жылдың үздік актері

"Жылдың үздік актері" немесе "Осыдан басқа актер жоқ па" аталымы бойынша комедия бағытындағы фильмдерде жиі бой көрсететін Әбунасыр Серіков жеңімпаз атанды.

Жыл келбеті

Түркістандық балақайдың автобус ішіндегі суреті әлеуметтік желіде жақсы таралды. Премия тапсыру салтанатында дәл осы балақай Түркістан қаласынан арнайы келді. Оның есімі – Ерсін, ол 4-сыныпта оқиды. Бұл сурет мектепке бара жатқан кезде түсірілген. Жүлдені алған Ерсін сөз сөйлеу кезінде “Түркістанда қоғамдық көліктер саны артса екен” деп тілек білдірді.

Желідегі үздік актер

Мына видеоның кейіпкері аталған номинацияның жеңімпазы атанды. Оның есімі – Абылай. Оның бұл видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Балақай видеодағы өнерін дүйім жұрттың алдында тағы бір қайталады.

Бұдан бөлек "Үздік аудиожазба", "Табысты режиссер", "Желідегі үздік құқық қорғаушы", "Үздік арна", "Жыл хайпы" сынды номинациялардың жеңімпаздары аталды. Тағы да еске сала кетейік, номинациялар және номинация жеңімпаздары "Қызық Times" ұжымының пайымымен әзіл-қалжың есебінде таңдалған. Бағдарламаны "Хабар" арнасының тапсырысымен Bas production түсірді.

А. Қажиев