Қызылжарда Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналған аламан айтыс өтті

Қызылжарда Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналған аламан айтыс өтті
Фото: egemen.kz

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» насихаттауды ұсынған еді. Осыған орай 16-17 наурыз күндері Қызылжар қаласында қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген, ақын, аудармашы, драматург Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналған «Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Аламан айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі 22 айтыскер ақын келді. Айтыс сүйер қауым бұл додаға алдын ала «ретро айтыс» деп айдар тағып үлгерді. Өйткені сахнаға Е.Асқаровпен бірге айтысқан аға буын өкілдері мен бүгінде аламанның алдын бермей жүрген әйгілі ақындар қатар шыққан болатын.

Аталған айтысты Жүрсін Ерман жүргізді. Оған белгілі ақындар Жарасбай Сүлейменов, Қонысбай Әбілев, Әселхан Қалыбекова, Ақберен Елгезек, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қарағызұлы қазылық етті.


Екі айналымға созылған жыр додасында «Солақай сері» атанған өскемендік ақын Серік Құсанбаев бас жүлдеге ие болып, 2 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Бірінші орын Түркістан облысынан келген Маржан Есжановаға бұйырса, екінші орынды қарағандылық Аманжол Әлтаев иеленді. Үшінші орынның жүлдесін Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов алды.

Айта кетейік, Ерік Асқаров 1959 жылы 10 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданының, Ворошилов ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Алматы Көркем театр институтын бітіріп, режиссер мамандығын алған.

Республикалық Қазақ телевизиясында режиссер, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан Жазушылар одағы әдеби қорының директоры болған, Көкшетау, Астана қалаларында қызмет атқарған. «Қарлығаш», «Жетіген», «Аққудың көгілдірі» атты жыр жинақтарының, «Біржан сал», «Петропавловск – қызылдардың қаласы» атты пьесалардың авторы. Айтыскер ақын ретінде көптеген айтыстарға қатысып, жүлдегер атанған. И.Гогольевтің «Наара суох», Л.Табукаиевилидің «Арманымның ақ құсы» пьесаларын қазақ тіліне аударған. Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының (1988), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1990) лауреаты.

Т. Раушанұлы