Қос таланттың ұясы: Фрида мен Диего тұрған үй

Қос таланттың ұясы: Фрида мен Диего тұрған үй
Фото: vk.com

Болмысы бөлектер қашан да ел қызығушылығын арттырады. Әлем бойынша ондай тұлғалар көп емес. Солардың бірегейі осы Фрида Кало. Оның есімін көркемсурет жанрына еш қатысы жоқ кез келген адам біледі. Оның образын қайталап, стиліне еліктейтіндер де аз емес.

Соңғы уақытта, әсіресе, осы жылы суретші туралы ақпараттар көп тарап, оның образын насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізіліп жүр. Мысалы, Лондондағы Виктория мен Альберт мұражайында атақты суретші Фрида Калоның көрмесі ашылды. Ол жай ғана көрме емес. Өйткені мұражай іші Фрида мен өмірлік серігі Диего Ривера екеуі бірге тұрған үйдің дәл көшірмесіндей безендірілген.

Қос шебердің ұясында үстемдік құрған шығармашылық атмосфераны жеткізу үшін Мексикадан Фриданың жеке заттары алынған. Мұражай қабырғалары ашық көк түске боялған. Себебі, суретші мекені "Көгілдір үй" атауымен танымал. Қалай болғанда да үйдің өзін көру мүмкіндігі бар кезде, көрме экспонаттары соншалықты қызықтыра қоймасы анық. Сол себепті, Фрида мен Диегоның Мексикадағы үйіне бірге саяхаттауды ұсынамыз. 

Сондай-ақ, жуырда Google Arts & Culture қосымшасы "Фриданың келбеті"  атты онлайн көрме ашты. Экспозиция жасау үшін әлемнің 7 елінен 33 серіктес мұражай күші біріктірілген.  

Көрмені арнайы сайттан немесе Google Arts & Culture қосымшасын жүктеу арқылы көруге болады. "Фриданың келбеті" – атақты қылқалам шеберінің шығармашылығына арналған ең көлемді коллекция. Жалпы саны 800 экспонат енгізілген. Олардың ішінде Калоның (20-сы алғаш рет цифрлы нұсқада ұсынылып отыр) өз жұмыстары және жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер, күнделік жазбалары, хаттары бар. Оның шығармашылығының бастапқы кезіндегі сызбаларын да тамашалауға болады.

Қосымша жүктеген тұтынушылар Google Street View онлайн экскурсиясы арқылы Фрида Кало өміріндегі маңызы жоғары орындарға саяхат жасай алады.  Мысалы, Калоның алғашқы және соңғы күндері өткен музей-үйін ("Көгілдір үй" атымен танымал) көру мүмкіндігі бар.

А. Оралқызы