Біліп жүріңіз: Шөген қалай Полоға айналды?

Біліп жүріңіз: Шөген қалай Полоға айналды?
Фото: massaget.kz

Еуропа мен Америка құрлығындағы ең танымал ат спорты Поло қазақтың Шөген ойынынан шыққан. Бұл ақпаратты растайтын дәлелдер де жетерлік. Түркі әлемінің тарихи жазбаларында, оның ішінде Жүсіп Баласағүнның "Құтты білік", Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат ат-түрік" шығармаларында Шөгенге қатысты шежіре жазылған.

Құрметті оқырман! Бағдарламамыздың бүгінгі санында Шөген ойыны жайлы ақпарат береміз. Жаугершілік заманда ұмытылып қалған ойынның тарихы б.з.д 600 жылдардан басталады. Түркілер мен парсылар жауынгерлерін жұмылдырып алғаш рет Шөгеннен чемпионат ұйымдастырыпты. Алайда, бұл ойынды әлем халқы Аргентинаның төл спорты деп біледі. Сонымен, Шөгеннің Полоға айналуына не әсер етті?

Бабыр сұлтанның заманында жетісулық моғолдар Үндістанның бір бөлігін жаулап алды. Осылайша, Үнді жерінде ойнала басталған шөген ойыны Үндістанды бодан қылған ағылшындардың назарына ілікті. Англия бұл спортты көп дәріптеді. Ең алғаш елде осы спорт түрінен клуб ашылып, өзара турнирлер ұйымдастырыла бастады. Уақыт өте қатарға көршілес Ирландия шөгеншілері қосылды. Екі елдің атсалысуымен Аргентинада 1875 жылы бұл спорт түрінен чемпионат өтті. Осы кезеңде шөгенді ойнауға құмартқан аргентиналықтар бірден осы ойынды ойнауға қызығушылық танытып, ойынның қыр-сырын бірден меңгеріп кетті. Уақыт өте шөген шеберлеріне айналған олар ат спортының жаңа түрі ретінде шөгенді "Поло" деп өзгертіп, Халықаралық федерация құрды. Міне, Орталық Азиядан бастауын алған спорт түрінің Полоға айналу тізбегі осындай.

Шөген жайлы қосымша ақпарат алғыңыз келсе, мына сілтемеге өтіңіз. Ал, негізгі ақпаратты видеоға сыйдырдық.

А. Қажиев