Медицина және физиология бойынша "Нобель" сыйлығы лауреаттары анықталды

Медицина және физиология бойынша "Нобель" сыйлығы лауреаттары анықталды
Фото: konitono.com

1 қазанда Швеция астанасы Стокгольмда "Нобель" апталығы басталды. Салтанатты шараның бірінші күні физиология және медицина саласындағы жеңімпаздар марапатталды. Бұл туралы "Нобель"-дің ресми сайты мәлімдеді. 

Медицина және физиология бойынша "Нобель" сыйлығы осы жылы қатерлі ісікке қарсы күрес саласында зерттеулер жүргізген Джеймс Пи Эллисон мен Тасуку Хондзёге берілді. Бір қызығы, осы күнге дейін 109 жыл бойы бұл саладағы марапат жеке ғалымдар емес, бірнеше ғалымдар тобына бұйырып келді.

Ғалымдар адам ағзасындағы антитуморлы механизмдердің белсендірілуіне кедергі келтіретін нақты ақуыздарды бір-бірінен бөлек тәуелсіз зерттеген. Екі ғалымның нәтижелі зерттеуінің арқасында қатерлі ісікке қарсы жаңа емдеу әдістері табылды. Болашақта бұл емдеу әдісін дамыту ағзаға қатерлі ісіктерді тану және жою мүмкіндігін береді.

Әдеттегідей "Нобель" атындағы марапаттың 2018 жылғы лауреаттарын марапаттау рәсімі 10 желтоқсан күні Стокгольм мен Осло қалаларында өтеді. Бес сыйлықтың төртеуі Швеция астанасында, бейбітшілік саласындағы сыйлық Норвегия астанасында табысталады. 2018 жылғы әрбір лауреат үшін медальдан бөлек, 9 миллион швед кроны (940 мың долларға жуық) беріледі. 

Еске сала кетейік, былтырғы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Джеффи Холл, Майкл Росбаш, Майкл Янг биологиялық ритмге қатысты зерттеу еңбектерін ұсынған болатын. Сыйлық иегерлері жеміс шыбындарын зерттеп, нәтижесінде ағзаның биологиялық сағатын анықтаған еді.

Т. Раушанұлы