Астананың 20 жылдығына орай дайындалған арнайы жобалар

Астананың 20 жылдығына орай дайындалған арнайы жобалар
Фото: vk.com

2018 жылдың 3 шілдесінде Орталық коммуникациялар қызметінде «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Астананың 20 жылдығына орай дайындаған арнайы жобалармен таныстырды. 

Шараға «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, арнайы жобалар бөлімінің жетекшісі Қуаныш Сүлейменов, «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, және  «Igraphic» дизайн бюросының жетекшісі Бағлан Айдашов қатысты.

Шараның мақсаты – Астананың 20 жылда жеткен жетістіктері мен  бас қаланың даму тарихына арналған арнайы жобалармен таныстыру.  

«Qazaqstan» ҰТА Ақпараттық–сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай: «Астана еліміздің бас қаласы ғана емес, Тәуелсіз еліміздің тарихи қаласына айналды. Бүгінде Астанада  маңызды халықаралық іс-шаралар, әлемдік оқиғалар тұрақты түрде өтеді. Астананың 20 жылдығына орай  корпорациямыздың шығармашылық тобы 10-нан астам деректі фильмдер мен арнайы жобалар дайындады. 6 шілде күні, сағат 19:00-де эфирге шығатын «Астана тынысыРитм » атты деректі фильмді ерекше атап өткім келеді. Бұл фильм сондай-ақРитм : Қытайдың CGTN-Russian, Қырғызстанның КТРК, Өзбекстанның  НТРК, Туркияның TRT Avaz, Моңғолияның   Sky News және басқа да елдердің телеарналарынан көрсетілетін болады»- деді.

Айта кетейік, «Qazaqstan» Ұлттық арнасы шілденің 2-нен бастап 8-не дейін Астананың мерейтойына арналған арнайы жобалар мен деректі фильмдерді ұсынатын болады.  Ұлттық арна көрермендері «Бір суреттің тарихы»,  «Елбасы елең-алаң», «Елбасы сүйген ел әні», «Ел жүрегі Астана», «Елорда инфрақұрылымы», «Астана –арман қала», «Елорда есебі», «Жасай бер әсем Астана», «Ұлттық арнада ұмытылмас әндер» және тағы да басқа тың жобаларды көреді.

«Елбасы  «Орталық Азия елдері күшті және тәуелсіз аймақ бола алады, өйткені соңғы 500 жылдың ішінде тұңғыш рет біздің аймақ экономика жағынан дүниежүзілік экономика үшін маңызды аймақ болып отыр», деген еді. Біз осыны негізге ала отырып, деректі жоба жасауды жөн санадық.  Дайындық барысында, Қырғыстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркия елдерінің бірнеше қоғам қайраткері, саясаткерлер мен сарапшыларынан сұхбат алынды. Жобаның ұзақтығы 25 минут. Алтыншы шілде күні эфирге 20.40 та шығады. Әдеттегідей Ұлттық арна бағдарламаларын  «Qazaqstan TV» қосымшасы арқылы  көруге болады»-деп аяқтады сөзін Ерлан Атамбай.

Ұлттық арна 6 шілде күні 5 сағатқа жуық тікелей қосылуларымен ерекшеленбек. Сағат 13.00.-де «Ақпарат» бағдарламасы көшпелі студиядан мерекелік шығарылымын ұсынады. Қала бойынша өтіп жатқан барлық мерекелік шараларды толық қамтитын болады. Ұлттық арна жүргізушілері Қымбат Досжан мен Жансерік Бейсеев көрермендермен, қала қонақтарымен кездесіп, түрлі викториналар ұйымдастырса, Данияр Меңілбеков, Ирина Тән, Мейіржан Әлібекұлы, Дана Нұржігіт, Қайрат Әділкерейлер  көрерменмен жүздесіп мерекелік шаралар ортасынан тікелей қосылады.   «Басты тақырып», «Мәселе» және «Елден Хабар» бағдарламалары да ел ішінен тікелей эфирге қосылады. Қызықты спикерлер, тамаша ойындар, викториналар өткізіледі. Көшпелі студияның соңғы қосылуы сағат 17.00. де.  Барлық аймақтардағы өтіп жатқан шараларды қамтумен қатар, күнделікті қорытынды жаңалықтар кешкі 20.00-да шығады. 

«Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулиннің айтуынша: «Мереке күндері «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары әдеттегідей футболдан әлем чемпионатын көрсетуді жалғастырады. Одан бөлек, 7-ші шілде күні сағат 13.55-те кәсіби бокстан екі салмақта әлем чемпионы атанған Бейбіт Шуменовтің Хизни Алтынкаяға қарсы жекпе-жегін тікелей эфирде көрсететін болады. Биыл «Qazsport»  телеарнасы 5 жасқа толды, осы жылдар аралығында 70-тен аса деректі фильмдер мен бірқатар спорттық бағдарламалар  жарық көрді. Біз  алдағы уақытта да телеарна көрермендерін жаңа жобалармен, тың бағдарламалармен қуантатын боламыз»,- деді.

Сондай-ақ, «Igraphic» дизайн-бюросы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша арнайы дайындалған ID роликтерімен таныстырып өтті. Елбасының Тәуелсіздік жылдардағы жеткен жетістіктері мен елге сіңірген орасан  еңбегі бейнеленген бейнероликтер заманауи инфографикада орындалған.

А. Оралқызы