«Шахмат патшалығы» 3D мультхикаясының таныстырылымы өтеді

«Шахмат патшалығы» 3D мультхикаясының таныстырылымы өтеді
Фото: vk.com

3 шілдеде сағат 18.30-да Астана қаласы, Достық көшесі 9, «Керуен» сауда ойын-сауық кешені, «Kinopark 7» 5 залында  «Шахмат патшалығы» 3D мультхикаясының таныстырылымы өтеді.

Мультхикаяны «balapan» телеарнасының тапсырысы бойынша Дәрмен Сәдуақасовтың шахмат академиясы түсірген.

Балаларды ақсүйек ойын – шахмат ойнауға үйрету және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту мақсатында қолға алған жоба қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде көрермендерге жол тартады.

Мультхикая 32 бөлімнен тұрады және кейіпкерлер әрбір бөлім барысында шахмат ойынының пайда болуы, шахмат фигуралары, ойын ережелері, әлем чемпиондары, танымал жүріс нұсқалары және өзге де көптеген ақпараттар турасында айтады.

Анимациялық сериал өскелең ұрпақ арасында шахматты кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар телекөрермендер назарына Дәрмен Сәдуақасов шахмат академиясының әдістемесі бойынша шахмат үйренудің озық тәсілдерін ұсынады.

Таныстырылымға ҚР жоғары лауазымды тұлғалар, әйгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өзге де құрметті қонақтар қатысады деп күтілуде. 

А. Оралқызы