Фрида Кало бейнесіндегі қуыршақтарды шығаруға тыйым салынды

Фрида Кало бейнесіндегі қуыршақтарды шығаруға тыйым салынды
Фото: vk.com

Барби қуыршақтарын шығарушы Mattel компаниясы "Шабыттандырушы әйелдер" аталатын жаңа топтама шығаратынын хабарлаған еді. Оған алынатын образдар қатарында атақты суретші Фрида Калоның бейнесі де бар болатын. Өкінішке орай, енді оны шығаруға тыйым салынды.

Істі сотқа дейін жеткізген – қылқалам шеберінің немере жиені Кало Мара де Анда Ромео есімді азаматша. Ол компания суретшінің туыстарынан рұқсат алмағанын алға тартады.

Фрида-Барбидің шығуына талантты Голливуд актрисасы Сальма Хайек те қарсы болды. Ол мексикалық шебер туралы 2002 жылы шыққан биографиялық көркем фильмде басты рөлді сомдаған еді. Сальма қуыршақ бейне суретшінің сыртқы келбетін де, адами құндылықтарын да жеткізе алмайтынын айтады. "Фрида Кало ешқашан ешкімге ұқсамаған, тіпті, киіну үлігісінің өзі ерекше болатын. Ол – қайталанбас тұлға. Оны Барбиге айналдырғаны несі?" – деп өкпесін білдірді.

Бір қызығы, осы топтамаға енетін әйелдердің көзі тірілері бұл идеяға еш қарсы емес. Мысалы, ғалым-қуыршақ бейнесінің прототипі Кэтрин Джонсон өзінің образын жасау жұмыстарынан көмегін аямай, үлесін қосып жатқан көрінеді.

Жалпы, бастама туралы компанияның вице-президенті Лиза Макнайт былай дейді: "Бренд бүлдіршін қыздардың потенциалын ашуды мақсат тұтады. Barbie қуыршақтарын осындай жаңа форматта ұсынудың өзіндік философиясы бар. Бала кім екенін білмейтін адамға ұқсай алмайды. Ал, қуыршақ образдар олардың қиялында жаңа арман тууына итермелейтіні анық. Біз соған сенеміз".

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ең танымал қуыршақтар шығарушы Mattel компаниясы "Шеро" сериясын ұсынған болатын. Оның құрамына қазіргі заманда танымалдыққа ие болған 14 кейіпкер енген. Мысалы, Олимпиада чемпионы Хлоя Ким, режиссер Патти Дженкинс, Ава Дюверней, актриса Эми Россум, балерина Мисти Коупленд т.б.

А. Оралқызы