Ханзаданың жұбайы болсаң да, диплом керек

Ханзаданың жұбайы болсаң да, диплом керек
Фото: vk.com

Кембридж герцогинясы өз дипломын іс жүзінде қолдануға бел буды.

Кейт Лондондағы Ұлттық портреттер галереясында Викториан дәуірі фотографияларының көктемгі көрмесінің кураторы болды. Бір жағынан бұл оның кәсіби мамандығы болса, екінші жағынан, Кэтрин корольдік отбасындағы атағы бойынша осы мұражайдың қамқоршысы екені мәлім.

Галереяның БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімінің хабарлауынша, Кейт «Викториан алыптары: көркем фотографияның пайда болуы» аталатын көрме үшін бірнеше жұмыстарды іріктеп, жоба каталогына аннотациялар жазды. Миддлтон ханымның XIX ғасыр фотоөнеріне деген қызығушылығы Сент-Эндрюс университетінде оқып жүрген кезінде басталған екен. Ғылыми жұмысының тақырыбы да осы сала аясында таңдалған.

Көрме наурыз айында ашылады. Онда Джулия Маргарет Кэмерон, Льюис Кэрролл, Леди Клементина Гаварден және Оскар Густав Рейландер сынды XIX ғасырдың даңқты төрт суретшісінің жұмыстары таныстырылады. Кейт экспозицияға іріктеп алған фотосуреттердің басым бөлігі – сол заман балалары бейнеленген туындылар. Оның айтуынша, бұл фотосуреттерді көрген адамдар балалық шақтың құнын ұғынып, оны есейген кезде де шама келгенше сақтап қалуға тырысады. Викториан дәуірінде ағылшын қоғамында балалар ерекше орынға ие болған.

Осы орайда, Уильям ханзаданың жұбайы тақ мұрагері Джордж бен кішкене Шарлоттаны жиі суретке түсіріп, өз қызығушылығын кәсіби тұрғыда жетілдіріп жүр.

А. Оралқызы