Massaget.kz жастар порталы 6 жаста

Massaget.kz  жастар порталы 6 жаста
Фото: massaget.kz

Қазақ тілді жастардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Массагет порталына биыл 6 жыл толды. Бұл біреу үшін аз, бәлкім көп. Десек те осынау 6 жылдың ішінде портал біраз жұмыстарды атқарды. 

Портал 2011 жылдың 16 желтоқсанында ҚР Тәуелсіздігі күніне орай қазақ жастарына сый ретінде ашылды. Содан бері сайт әкімшілігі әр түрлі тақырыптардағы тағылымды мақалалар мен жаңалықтар жазып, қолданушылар назарына ұсынса, сайт қолданушылары блог жазып сайт кеңістігін кеңейтуге септігін тигізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 47 мыңнан астам  материал, 22 мыңға жуық блог жарияланды. 

Барша жаңалыққа жаны құмар, ілімге құштар қазақ жастарының басын қосқан Massaget.kz сайты осы 6 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Атап айтсақ, "Үздік қазақ сайты– 2013", "Халықтың сүйіктісі – 2014", "Жастарға арналған үздік қазақ тілді интернет сайт – 2016",  "Қазнеттегі медиасерпіліс – 2017" және т.б.

Жыл сайын порталымызда үлкен арманына жету үшін алдына айқын мақсат қойған оқушыларға арнап "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" блог байқауын ұйымдастырылады. Байқаудың басты мақсаты - оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне, тұлға болып қалыптасуына әсер ету, алдына айқын мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетпейінше тынбай еңбектенуге баулу. Бүгінгі жас - еліміздің ертеңі. Ал еліміздің болашағы жарқын болуы үшін зерделі, алдына қойған мақсатына міндетті түрде жететін азаматтар қажет. Дәстүр бойынша биыл да блог байқау өткізілді. 

Сонымен қатар биыл су жаңа "АЙНА" жобасы басталып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.  Бағдарламаның әр бөлімін үзбей тағатсыздана күтетін оқырмандарымыз көбейе түсті. "АЙНА" – тұтас буынға үлгі болар тұлғалардың өнегелі өмірі мен бар болмысын танып-білуге мүмкіндік беретін жоба. Ол ешкімді сынамайды, ешкімге ақыл айтпайды, ешкімді жеке өмірі туралы сұрап, тығырыққа тіремейді. Өйткені бізді қызықтыратыны ол емес. АЙНА-ның сұрайтыны – тұлғаның рухани байлығы. 

Бірінші маусымда барлығы 20 түсірілім болды. Елімізге белгілі тұлғалар мен өнер майталмандары АЙНА-ның алдына келді. Жаңа оқу жылынан бастап жаңа форматта бағдарламаның  екінші маусымы басталды. Осы күнге дейін 4 түсірілім жасалып үлгерді. Қызықтың бәрі алда...

Тағы бір айта кететін жайт, сайтымызда 5 жылдан астам уақыт жұмыс істеген, сайттың алғашқы құрушылардың бірі Мейіргүл Оңғарованың "Түс көру. Қандай түс көрдіңіз?" атты қызықты материалы 2434532 көрілім жинаған. Бұл сайт тарихындағы рекордтық көрсеткіш. 

Осы 6 жыл уақыт ішінде көптеген студент жастар мұнда келіп жұмыс істеп, тәжірибе жинады, мықты маман болып қалыптасты. Массагет көптеген оқушылардың күнде кіріп блог жазатын ордасына айналды. Қаншама оқушылар осы жерден өздеріне жақын дос, сырлас тапты. Сайтымыздың ұранында айтылғандай (Өз таңбаңды қалдыр!) әрбір жаңалыққа жаны құмар жастың өз таңбасын қалдыруға мүмкіндігі көп. Порталда еліміздің барлық аймақтағы оқушы, студент жастардың қолтаңбасы бар. Бұл 6 жыл уақыт аралығында атқарылған қыруар жұмыстың, еңбектің өтелгені деп білеміз.

Біз бүгін порталдың өткеніне аз-кем шолу жасадық. Massaget.kz жастар порталы алдағы уақытта бұдан да қызықты мақалаларымен, жаңа, тың жобаларымен оқырмандарды қуантады. Бізбен бірге болыңыздар достар!

Massaget.kz-пен қай кезден бері доссыз? Өз пікіріңізді білдіре отырыңыз! 

Ж. Жұмағұлов