Монпарнас аңыздарының беймәлім туындылары

Монпарнас аңыздарының беймәлім туындылары
Фото: vk.com

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өнер әлемінде теңдесі жоқ көрме ашылды. Олай болатын себебі, Монпарнас аңыздарының бұрын жеке коллекционер қорында ғана сақталып келген туындылары халық назарына көктемге дейін ұсынылмақ.

Фрида Кало мен Сальвадор Дали көрмесінен кейін Фаберже мұражайына Модильяни, Сутин және өзге де Монпарнас көшесіндегі Ротонда кафесін тұрақ еткен ұлы шеберлер картиналары жеткізілді. «Біз блокбастер көрме ұйымдастырып отырмыз», - дейді Фаберже мұражайының директоры Владимир Воронченко.

Көрмедегі картиналардың барлығы Йонас Неттер есімді өнер туындыларын жинақтаушының қорынан алынған. Ол коллекцияны 1915 жылы өнер туындыларын саудалаушы Леопольд Зборовскиймен танысқанда бастаған. Ол Неттерді кедей суретшілермен таныстырып, оларға тұрақты ақша төлей отырып, туындыларын сатып алуды ұсынған. Мысалы, келісім шарт бойынша, коллекционер алғашында Модильяниге ай сайын 300 франк төлесе, кейін төлем 1000 франкке дейін артқан.

Жалпы, Модильяни көрмесі үлкен сұранысқа ие болары анық, себебі, ТМД елдерінде оның жұмыстары жоқтың қасы десе болады. Осы аймақтағы екі картинасының бірі Пушкин мұражайында, екіншісі Анна Ахматова мұражайында сақтаулы тұр.

А. Оралқызы