Джонни Депп сүйікті жазушысының жеке заттарын сатып алуға $50 000 жұмсаған

Джонни Депп сүйікті жазушысының жеке заттарын сатып алуға $50 000 жұмсаған
Фото: vk.com

Аты әлемге танымал голливуд актері Джонни Депп сүйікті жазушысының жеке заттарын сатып алуға $50 000 жұмсаған. Бит толқын өкілдерін сүйіп оқитын актер осы бағыттың негізін қалаған Джек Керуак десе, ішкен асын жерге қояды.

Джек Керуак – әдебиет әлемін жаңғыртқан жазушылардың бірі. Оның «Дхарма кезбелері», «Биг-Сур» және «Жолда» романдарынан бит-поэзия мен джаздың лебі еседі. Оның өзінен кейінгі шығармашылық адамдарына берген әсері орасан зор болды. Әлі күнге дейін солай. Тіпті, өзіңіз көріп отырғандай, жазушылыққа қатысы жоқ адамдардың өзіне үлкен ықпал етті.

Біз айтып отырған оқиға сонау 1991 жылы болған. Депп Керуактың 8 бұйымын 50 мың АҚШ долларына сатып алған. Олар:

1. Плащ – 15 000 доллар;
2. Қалпақ – 3000 доллар;
3. Чемодан – 10 000 доллар;
4. Ескі сөмке – 5000 доллар;
5. Водолазка – 2000 доллар;
6. Твидтік пальто – 10 000 доллар;
7. Керуактың битник-досы Нил Кэссидиге жазған хаты – 5000 доллар;
8. Шарап сататын дүкенде жасаған саудасының шоты – 350 доллар.

А. Оралқызы