Черчилльдің соңғы картинасы жарты миллион долларға сатылды

Черчилльдің соңғы картинасы жарты миллион долларға сатылды
Фото: vk.com

Күні кеше  Sotheby’s бәссауда үйінде Черчилльдің соңғы картинасы сатылымға шығарылды. Жаңа қожайын оны 357 мың фунт стерлингке, яғни, жарты миллион АҚШ долларына сатып алды.

Үкімет жұмыстарынан шаршап, біраз бой сергіту мақсатында Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі сурет салуды әдетке айналдырған. Бұл күйзелістен құтылудың бір жолы еді. Черчилль картиналары пейзаж, портрет және натюрморт бағыттарын қамтыды. Оның жұмыстарының жалпы саны шамамен 544 дананы құрайды.

Ал, соңғысы «Чартвелльдегі алтын балықтар тоғаны» деп аталады. Бұл картинаны саясаткер Эдмунд Мюррей есімді күзетшіге сыйлаған. Мюррей мырза 15 жыл бойы Черчилльге қызмет етіп, сурет салған кездерінде қылқалам мен мольбертті тазалауға көмектескен екен. Картина осы күнге дейін күзетшінің үйінде сақталған және бұрынсоңды ешқашан халық назарына ұсынылмаған.

Уинстон Черчилль есімімен тығыз байланысты лоттар бәссаудаға жиі қойылады. Мысалы, осы қазан айының орта шамасында Бостондағы RR Auction бәссауда үйінде Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі шеккен шылым сатылды. 10 см шылым қалдығы $12,2 мыңға бағаланды.

А. Оралқызы