Латын әліпбиіне өту – ең басты міндеттердің бірі

Елбасының «Болашаққа бағдары: рухани жаңғыру» мақаласындағы орындалу керек басты міндеттердің бірі – латын әліпбиіне көшу. Мақалаға көз жүгіртсеңіз, тіл турасында тек «өту керек» деген жалаң сөз емес, арысы Орхоннан бастап тарихты қазбалап келіп, латын әліпбиіне өтуге дейінгі кезеңдерді қамтып өткен. Бұл, әрине, тарихы тереңде жатқан тіл мен әріптің өзіндік қасиеті. 

Мақаланың мына бір тұсына аса мән берген дұрыс: «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.

Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. 
Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.   
Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер.   
VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды. 
Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. 

V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.   
Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құ­жат­тары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. 
Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. 
Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 
1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық ко­мис­сар­лары кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. 
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 

1940 жылы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. 
Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқын­далып келді. 
Мен 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім». 

Ал латын әліпбиін және қазіргі біз қолданып жүрген кириллица әліпбиін әлемнің қанша елінде қанша халық үлесі қолданатынын мына кесетеден көре аласыздар:

Тапсырма мен міндет ел ішіндегі ғалымдарға жүктелді. Жақында ғана болған Елбасымен сұқбат кезінде, "біз қазіргі қолданыстағы кириллица әліпбиінен бас тартпаймыз. Оны елдегі орыс тілді халық қолдана алады. Ал латын әліпбиіне өту түбі орындалатын міндет" деп атап көрсеткен болатын. Ендеше алдағы жылдары елдің өсуі мен дамуы үшін латын әліпбиінің рөлі басым болмақ.