Сізді басқалар тыңдасын десеңіз...

Сізді басқалар тыңдасын десеңіз...
Фото: stpeterline.com

Қазір адамдардың бір-біріне бұрылып мән беруге уақыты жоқ. Тіпті тыңдауға да. Қарапайым үйдегі ата-анаңыз да сізді тыңдамай теріс қарап кетуі мүмкін. Бұл сізді тыңдағысы келмейді деген сөз емес, тек сіздің бос сөзді көп айтатыныңыз. Сондықтан біреуді тыңдату үшін не істеу керек?

Қысқа сөйлеңіз

Көп сөйлеуден қашыңыз. Тіпті айтар ойыңызды мың ойланып барып сөйлеңіз. Барынша ойды жинақтап, қысқа сөздермен келтіріңіз. Бұл өзгенің уақытын да сіздің де уақытыңызды алмайды.

Шешен сөйлеңіз

Шешен сөйлеу үшін шешендік өнерді меңгеру міндетті емес. Дегенмен нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді көп білсеңіз бек жақсы. Себебі тәтті әрі жағымды сөйлей білген адамның қасына жұрт өзі келеді. Жиренше шешеннің аты тарихта қалса сол қысқа әрі шешен сөйлеу, ақылының айнасымен сырласқанынан қалды. Бүгінгі күннің Жиреншесі жоқ деген аксиома жоқ. Оқыңыз, іске асырыңыз!

Алдымен тыңдап үйреніңіз

Біреуге өзіңізді сөзіңізді өткізу үшін немесе біреудің сізді тыңдағанын қаласаңыз алдымен сіз бірінші тыңдап үйреніңіз. Бұл үлкен мәдениет. Сіз тыңдай білсеңіз ол да сізге құлақ асады. Содан кейін барып ойыңызды ашық әрі анық жеткізе беріңіз.

Дерекпен сөйлеңіз

Көпіріп өтірік айта бергенше дерек келтіріп, мысалдар алып сөйлеңіз. Әр мысалдың ішінде нақты күні, айы, атаулары болса тіпті керемет. Адамдар қазір ақымақ емес. Ақпараттық заманда олардың біліп-түйіп жүргені көп. Ал сіз олардың біліп тұрғанын аңғара тұрып үстінен дөп түссеңіз сүйкіміңіз сақталады.

Сендіріп сөйлеңіз

Әрбір сөздің салмағы болсын. Себебі сенім бірден келмейді. Адамды адамға сендіру үшін үлкен жұмыс жасау керек. Бірақ жұмыстың күшін алмастыра алатын тіл бар. Сондықтан қызыл тілді шындықтың суына салып суарып алыңыз. Ақиқатын айтыңыз. Бірақ ақиқаттың бәрі көп сөйлеу емес. Шайнай берген еттің дәмі кететіні секілді, көп айтыла беретін, жауыр болып кеткен тақырып пен жаттанды сөздер ешқандай ортада өтімді болмайды.

М. Ақан