«Алматы қаласы жастарының дельфий ойындары -2017» байқауы 300-ге жуық талантты жастың басын қосты

«Алматы қаласы жастарының дельфий ойындары -2017» байқауы 300-ге жуық талантты жастың басын қосты
Фото: massaget.kz

Алматы қаласында талантты жастар өнердің алуан түрінен өзара бақ сынайтын  «Алматы қаласы жастарының дельфий ойындары-2017» байқауы өтіп жатыр. 

Дельфий ойындары –қатысушылар  арасынан талантты тұлғалар мен ерекше дарынды жастарды іріктеп алуға бағытталған, классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі өнердің барлық түрін біріктіретін кешенді байқау. Олимпиада ойындарымен бірге ежелгі Греция жерінде дүниеге келіп, XX-ғасырда қайта жандана бастаған дельфий ойындары бүгінде әлемнің 100-ге тарта мемлекетінде қолдау тапқан. Қазақстан дәстүрлі додаға айналған «Ұлттық дельфий ойындарын» биыл XIII-рет өткізеді. Ойындар жас таланттарды тауып, оларды қолдау, өскелең ұрпақ арасында мәдени мұраны насихаттау, оларға рухани, эстетикалық тәрбие беру, мәдениетаралық диалог пен ұлттық өнердің дамуына ықпал етуді көздейді.

Биылғы дельфий ойындарында 14-25 жас аралығындағы 300-ден астам жас 17 аталым бойынша өнерлерін ортаға салады. Байқаудың нәтижесі бойынша ең үздік деп танылған жеңімпаздар қаламыздың намысын республикалық Ұлттық дельфий ойындарында қорғайтын болады. Ұлттық дельфий ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген жастар халықаралық дельфий ойындарында еліміздің атынан өнер көрсетеді. 

А. Оралқызы