Жақсы асаба қандай болуы керек?

Жақсы асаба қандай болуы керек?

Той десе қу басы домалайтын қазақ халқының бақыт үшін, қуаныш үшін аянып қалған кезі жоқ. Ұлан-асыр той жасау – қанға сіңген әдет. Бірі ұят болады десе, бірі екіншісінен қалмайын дейді. Енді бірі бір көрер қуанышым деп барын салады. Той қамы мен қонақ шақырылуы бір бөлек, тойдағы тізгінді алушы асабаның жайы тағы бар.

Тойдың жақсы өтуі – асабадан 

Асаба – өнер адамы. Ол халық алдында сөйлеуге шебер, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп айтатын, жиналған жұрттың басын бір арнаға тоғыстыра білетін, әзілі өтімді, сөзі сүбелі, мәдениетті тұлға. 
Құдалық, үйлену тойы, қыз ұзату – қандай той болса да, асаба барлығына бірдей тыңғылықты дайындықпен келгені жөн. Екі сөздің басын қоса алады екенмін деп, қамсыз келген асаба тойдың шырқын бұзады. 

Асабаның міндеті: 
– Төрт-бес сағатқа созылатын тойдың бас-аяғын ойша жүйелеп алу;
– Той иесі туралы, руы, елі, тарихы, бабалары жайында мағлұматы болуы маңызды. Бұл той арасында әулеттің абыройын асқақтатып отыру үшін керек;
– Сөздік қоры бай, өлең-жырмен сусындаған, жаттанды, жеңіл-желпі сылдыр сөзден аулақ, аталы, мағыналы сөзге жүйрік болуы тиіс; 
– Ел тойға барын салып келіп отырғаннан кейін, оларға иіліп қызмет көрсету – негізгі міндет. Тойдың тізгінін ұстадым деп билік жүргізу әбестік болады. 
– Халықты тыныштықта ұстай отырып, шаттыққа бөлеуі тиіс; 
– Аз уақыт ішінде жұрт ән айтып, би билеп, көңіл көтеретіндей жүйелі сценарийі болғаны жөн; 
– Қандай көлемде ақша төленсе де, бір әулет бар қызығын асабаға табыстап отырғаннан кейін, ол ең бірінші жауапкершілікті сезінуі шарт.
 
 Әр әзілдің орнын білу керек. Кез келген жастағы адамға қаратып әзілдеу – мәдениетсіздік. Ескеру керек. Ақсақалды ортаға шығарып әзілдеймін деп аузы күймес үшін, баталы сөз айтатын қарияға аталы тілекпен жауап қайтаруы мың артық.

Тойыңыз дүркіреп өтсін десеңіз...
Асабаның жақсысын таңдау үшін ең бірінші оның келбетіне мән беріңіз. Жұрт сүйсінетіндей болсын.

Той бағдарламасына үңіліңіз. Әншілері, бишілері қандай, жалпы бағдарламасы қандай екенін білгеніңіз өзіңізге жақсы.

Асабалардың көбі қалтаны қампайтып алғаннан кейін арзан бишілер мен әншілерді алып келіп, тойыңыздың сәнін кетіреді. Бұл жағдай орын алмас үшін алдын ала тексеріңіз, мүмкін болмаған жағдайда суретпен есебін алыңыз. Талап етіңіз!

Сахнада танылған жұлдыздарға қарағанда, қарапайым халық арасында жүрген, еңбектеніп ысылған асабалар мықты болады. Дегенмен, қалтаңыз көтерсе, думан жасау сіздің қолыңызда.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар