Мәдениет саласында стартап құру

Мәдениет саласында стартап құру
Фото: Нұрсұлтан Арыстанбаев

14 қазанда Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Алматы қаласы бойынша «Болашақ» Корпоративтік қоры және Байтен Омаров атындағы «Жас Сахна» театры ұйымдастыруымен Айгүл Сұлтанбекова шеберлік сабағын өткізді. Ол «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Денвер қаласындағы Колорадо штаты университетінің экономика магистрі, Қазақстандағы тұңғыш «ВТ» бизнес-театрының негізін қалаушы. Бұл театр 2015 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен ArtОкраина халықаралық фестивалінде «Үздік спектакль» гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бүгінгі таңда Айгүл «Жас Сахна» Алматы театрының басқарушы директоры.

Айгүл Сұлтанбекова мұндай жобаларды құру кезінде команданы және бизнес-серіктестерді мұқият таңдау маңызды екенін айтты. Бұл тұрғыда қызығушылық және күш-қуат, ақшалық салым, қойылған міндеттер алдындағы жауапкершілік сияқты белгілерді ескеру қажет. Мәдениет және өнер саласына қатысты бизнес жасау алдында барлық шығындарды (жалға алу, жалақы және т.б.) ойластырып алу қажет. Себебі бұл бизнес үлкен ғимаратты, мол қаржылық шығынды қажет етеді.

Бұл мәселені өз ғимаратыңыздың көмегімен, мемлекеттік демеуқаржы немесе Art-кластермен серіктестік орнату арқылы шешуге болады. Айгүл кез-келген бизнесті материалдық базасы бар серіктестермен бірге жасауға кеңес берді. Сөз соңында спикер кез-келген стартап идеяны ойластырған кезде оны алдын ала сынақтан өткізіп, нарық сіздің идеяңызға дайын екеніне көз жеткізіп алу керектігін айтты. Аудитория қойған сұрақтарға жауап беру барысында Айгүл шығармашылық бизнеске деген талпыныстары қалай басталғанын жеткізді: «Мен шығармашылық отбасында өстім. Менің отбасымда ойыншық орнына кітап сыйлайтын. Осының бәрі бала кезден өнерге және театрға деген сүйіспеншілігімді арттырды» – деді.

Шеберлік сабақ Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері бойынша басқарманың қолдауымен инновациялық және бизнес алаңдарын қолдау жобасының аясында өткізілді.

@. @assel_assanova