"Қарлығаш" анимациялық фильмдер фестивалі басталды

"Қарлығаш" анимациялық фильмдер фестивалі басталды

Алматыда "Қарлығаш" атты Республикалық қысқаметражды анимациялық фильмдер фестивалі басталды. Шара 3 маусымға дейін жалғаспақ.

Бұл фестивальдің мақсаты қазіргі заманғы және өткен кезеңдегі қазақ анимациясын бір-бірімен сабақтастыру, шығармашылық тәжірибе алмасу, жаңа идеялар іздеу, түрлі стильдер мен технологиялар арқылы еліміздегі анимацияға жаңа серпін беру, осы саладағы дарынды балаларды анықтау және кәсіби аниматор мамандығын таңдауға бағыт беру болып табылады.

Шара қазақ анимациясының негізін қалаушы, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Абжанұлы Хайдаровты еске алуға арналған. Оған қатысамын деушілерге жас шамасы бойынша шектеулер қойылмады. Регламентке сәйкес талапкерлер мен кәсіби анимация мамандары фестивальға (10 минутқа дейін) қысқаметражды анимациялық фильмдерін ұсынып, іріктеуден өткендері Алматыға шақырылды. Енді туындылар Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көрсетіліп, кәсіби қазылар алқасының номинациялары бойынша бағаланбақ. Жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар табысталады.

Фильмдерді көремін деушілерге есік ашық. Келіп, туындыларға өз бағаларыңызды беріңіздер. Фестиваль кестесі мынадай: 

 

Y. Almabek