Бүгінгі шақ – қазақ әзілі көш алға жылжыған кезең

Бүгінгі шақ – қазақ әзілі көш алға жылжыған кезең
Фото: Today.kz

Кез келген салада белгілі бір шыңға шыққан, ең бірінші жетістікке жеткен, одан кейінгі шәкірттерге үлгі болар тұлғаның болуы заңдылық. Тарихтың атасы – Геродот, медицинаның негізін қалаған Ибн Сина деп жатамыз. Дәл сол сияқты, қазақы қоғамға әзіл, қалжыңдарымен жатталып, кедейді байдан өткір тілімен қорғаған әзілкештер де болған. Оны жұрт «Әзілдің атасы – Қожанасыр» деп те айтып жүр.

Негізінде бұл саланы таңдаған адамның бойынан табылуға тиісті бірнеше қасиет бар. Бірінші кезекте – тапқырлық. Одан кейін, өткірлік, батылдық, білімділік деп өрби береді. Қазіргі уақыт – еліміздегі әзілкештертің жаңа бір легі, әзіл саласының әр түріндегі озаттарың қалыптасып, бір-бірімен бәсекелесу кезінде сапалы өнімнің жарыққа шығып жатқан кезі. Оны дәлелдеп берер айғақтар жетерлік. Еліміздегі әзіл-оспақ театрлардың көбеюі, жастар арасындағы «Жайдарман», «КТА» ойындарының кең етек жайып, жастардың белсенділігінің артуы, әзілкештердің тек ел ішінде емес көрші мемлекеттерде топ жаруы.

Осы уақытқа дейін қазақстандық әзілкештер тек еліміздің аудиториясынан аса алмайтын еді. 2017 жыл сала мамандары үшін жетістікке толы жыл болды. Олай дейтініміз, Стэнд-ап жанрында өнер көрсетіп жүрген Нұрлан Сабуровтың шет ел көрерменінің көңілінен шығуы, Халықаралық КВН ойындары аясында Астанада ұйымдастырылған «Жазғы кубок» ойындарында «Казахи» командасының топ жарғаны, соңғы кезеңде түсіріліп жатқан түрлі комедиялық фильмдердің көрші елдерде қолдау табуы, Халықаралық КВН ойынының Жоғарғы лигасында астаналық Спарта командасының чемпион атанғаны.

Әңгімені арыдан өрбіттік. Қазақстаннан шыққан тұңғыш чемпион атанған команда жайлы аз-кем ақпарат ұсынғымыз келген. Бұл топқа «Команданың аты неге Спарта?» деп қойылар сұрақ көп. Жауабы қарапайым: «Спарта» атты фильмен кейінгі әсер команданың дәл осылай аталуына әсер еткен. Дыбыс ұлғайтқыштан дыбыстары қатар шыққан он үштің биылғы жетістіктері отау иесі атанған бозбаланың тойындай болды. Ең алғашқы қуаныш. Көп топ тек бір бағытта не әңгіме айтып, не биімен тамсандырып, немесе әзілді әнмен жеткізіп жатталады. Ал, Спарта – әмбебап. Бір уақытта ырғақты ән де, жарасымды би де, ұтымды әзілде айта алады. Топ басында тұратын Данияр Жұмаділов әзіл бәйгеде алдына жан салмай, Спартаны КВН тарихында биатлоннан бір де бір ойыншысын жоғалтпаған командалардың қатарына қосты.

Чемпиондық атақты иеленген Спарта болашақта шығармашылықтан, әзіл саласынан алыстап кетпек емес. Болашақтағы жоспарлары, алға қойған мақсаттары жайлы 2 ақпан күні Алматыда сүйікті көрерменімен қауышқан отырыста баяндады. Осы жылдың көктемінде көрермендер көптен күткен кеш болады. Бұл концертте Спарта әзіл сүйер қазақстандық қалың көрерменнің алдында өнер көрсетеді.

Әзіл – сарқылмайтын құнды дүние. Адамның қиялы қанаттанса, әзіл де өміршең болмақ. Ұрпақ ауысады, уақыт өтеді. Ол кездің қалжыңы бүгінгіге ұқсамауы да мүмкін.Десе де, халықтың ақысын жейтін, бетперде киген арамзалардың өтіріктерін ашу жолында айтылған ұтымды шымшыма сөз әзілдің төресі болмақ. Өтірік дегеннен шығады: «Өмірде өтіріктің үш түрі бар» дейді атасымен ойнап, әзілі жарасқан бір бейбақ. Біріншісі: ешқандай зияны жоқ өтірік. Екінші: көзіңді бақырайтып қойып, санаңды улайтын өтірік. Үшіншісі: статистика.

А. Қажиев