1 сәуірде қалай алдауға болады?

1 сәуірде қалай алдауға болады?
Фото: Pic2.me

Ертең 1 сәуір – күлкі күні. Жақындарыңызбен қалжыңдасып, бүлдіруге, күлдіруге дайынсыз ба? Өткен жылы Массагет порталы оқырмандарына Кастинг жариялап алдаған болатын. Осы секілді әзіл әрекеттерді байқап көріңіздер не мына тәсілдерге сынақ жүргізіңіздер.

Досыңызға хабарласып, оның үйінің алдына келіп тұрғаныңызды айтып не бір жерге кездесуге шақырыңыз. Барады, сіз жоқсыз. Телефонда, былай жүр, бәленше деген дүкеннің жанында тұрмын, жоқ, олай емес, солға жүр деп біраз әлектеген соң қандай күн екенін есіне түсіресіз.

Таңғы асқа қуырылған жұмыртқа жақсы көретіндер ертең йогурт пен өрік (не шабдалы) жейді. Тек алдын ала йогуртты тәрелкеге құйып, консервіленген өріктің біреуін абайлап үстіне қойыңыз.

Дүкеніңіз болса, сыртына "50% жеңілдік және 5 бұйым сыйлыққа" деп жазып қойыңыз. Көпшілігі еріксіз кіретін болар.

Пәтерде бірге тұратын досыңыздың не жарыңыздың сағатын түнде ілгерілетіп өзгертіп қойыңыз. Оятқышы уақытынан ерте шырылдағанда сіз де онымен бірге оянуыңыз керек. Әлде тым ерте оятып, жұмысқа кешігіп бара жатқанын айтыңыз. Өзгеріп тұрған сағатына сеніп, жуынуға кеткенде ас үйіңізде дастарқан жаюлы болсын. Соңынан осылай қуантпасаңыз, ұйқысын бұзғаныңызға ренжіп қалуы да ықтимал. Күннің басты шарты көңілді көтеру ғой.

Танысыңызға тәтті тарту етіп, тәнті қылыңыз. Себепсіз қамқор бола қалғаныңыздың мәнісін аузына бірде тәтті, бірде ащы дәм барғанда түсінеді. Себебі ішінде жаңғағы жоқ M&M's кәмпиттерінің арасына Skittles кәмпиттерін де қосып бересіз.

Сенбі күні де жұмыс істейтіндердің компьютерлік тышқаны сол күні жасамай қалады. Себебі оның астына скотчпен суретін жапсырып қоясыз.

Үйіңіздегі адамдар әзіл түсінетін әрі күн сайын сабын тұтынатын болса, бүгін түнде барлығы ұйықтап қалған соң сабынның сыртына тырнаққа арналған түссіз лак жағыңыз. Таңертең жұқпайтын сабынмен әлек болғандарды көресіз.

@. @assel_assanova