Қожанасыр имам болған деседі...

Қожанасыр имам болған деседі...

   «Оразаның  неше күні өтті?»

 Қожанасыр оразаның неше күні өткенін білу үшін әр күні оразаның өткен күніне атап бір ыдысқа тас салып жүреді екен. Күндердің бірінде Қожанасырдың  баласы көріп қалып, бір уыс тасты тастап жіберіпті. Оразаның неше күні өткенін білу үшін халық жиналып келіп:

     — Қожеке, бүгінге дейін оразаның неше күні өтті? – депті.

    Қожанасыр ойланып :

     —  Азырақ сабыр етіңіздерші, аздан соң жауабын айтайын, - деп үйіне еніп кетеді де, әлгі күніне біреуден тастап жүрген  ыдыстағы  тасын санай бастайды. Тастың барлық саны  63 болып шығады.

    — Барлығын айтсам сенбейсіңдер ғой. Бүгінге дейін оразаның 45 күні болыпты,– деді .

   Оған халық:

   — Оразаның өзі отыз-ақ күн қалай көбейіп кетті,– депті.

   Қожанасыр ашуланып:

   — Тағы да түгел айтпадым ғой, шынына келгенде 63 күн болыпты. Тағы қаншасы бары белгісіз,– депті.

Қожанасырдың  дәрет алуы

 Қожанасыр ағып жатқан өзен жағасына келіп дәрет алып отырса, бір аяғындағы кебісі суға түсіп, ағып кетіпті. Таңданып қарап отырса, кебісінен айрылатын түрі бар, сонда Қожанасыр жұдырығын түйіп, суға қарап:

   — Ал дәретіңді, бер кебісімді,– деп ұмтыла беріпті.

Қожанасырдың бір аяғы дәретсіз

 Намаз оқу үшін Қожанасыр дәрет алмақ болып, қолына құман алады. Құмандағы суы бір аяғына жетііп, бір аяғына жетпейді. Сөйтіп бір аяғы дәретсіз мешітке кірген Қожанасыр жалғыз аяғымен қаздай қақшиып тұрады. Қожаны көріп мешіттің сопысы:

     — Қожеке, мұныңыз қалай, қаздай қақшиып тұрсыз? депті.

    Оған Қожанасыыр аспай-саспай:

    — Бір аяғым дәреттен өтіп, бірі дәретсіз қалады. Сондықтан дәретсіз аяғым мешіттің жайнамазын былғамасын деп дәретсіз аяғымды көтеріп тұрмын,– деп жауап беріпті.

Қожанасырдың ораза тұтуы

Қожанасыр бұрын ораза тұтпаған екен. Келісімді ораза айы туар алдында әйелі бір күні: «Пайғамбар жасына келіп қалдың, енді оразаға  кіріс», – депті. Содан  Қожанасыр оразаға кірісіпті. Қандай іске болса да әрі шорқақтау, әрі аңқау Қожекең байқамай оразаның заңын бұза беріпті. Әйтеуір, әйелінің аңдып, бақылауымен үш-төрт күн ораза тұтыпты.

Жаздың ұзақ күнінде аш жүру Қожекеңе оңай соқпай, үш-төрт күн тұтқан оразасы жанына батыпты. Бұл елдің батыс жағында биік тау бар екен, күннің көзі таудан асып, көрінбей кететінін «Күн баттыға» саяды екен. Қожанасыр түс ауа болды, күннің көзі тауға жетіп жоғалатын кезін шыдамсыздана күтеді екен. Шыдамы кеткен Қожекең бір күні «ақыл таптым» деп қара үйін бұзып, есегіне арта  бастайды. Әйелі аң-таң болып: «бұның не!» – деп  Қожекеңнің бірдеңеге былыққанын көріп безек қағыпты.

     Қожанасыр:

     – Үндеме, айла таптым, күннің қысқа жеріне барып отырамыз ораза біткенше,– деп таудың нақ терең сайына барып қара үйін тігіпті. Бұл жерде күннің көзі түс ауса болды, таудан асып көрінбей кетеді екен. Ал, Қожекең осыны аңдып тұрады да, күн батты, ауыз ашық,– деп әйелінің қарсылығына  қарамай, аузын ашып, оразаны осылай ұстаған екен.

          Қожанасырдың  құрбан  шалуы

Қожанасыр құрбан шалуға жалғыз сиырын соймақшы болып, аяғы байланған малдың  үстіне әйелі мен баласын мінгізіп қойып, сиырын асыға-үсіге бауыздап  жіберіпті де, өзі сиырдың үстіне отыра кетіпті. Шала бауыздалған сиыр бұлқынып қалғанда, әйелі баласымен бірге ұшып түсіпті. Жығылған орнынан секіріп тұрып  «Қылкөпірден о дүниеде алып өткің келмейді ғой, қасақы неме! Боқты алып өтесің!», – деп жүгіріп барып анадай жерде жатқан арқанды ала сала әйелі мен баласын шала-жансар тыпырлап жатқан сиырдың үстіне етпетінен жатқызып қойып, арқанмен таңып тастапты. Ал, өзі жалма-жан мойнына мініп алыпты да, екі мүйізінен бар күшімен ұстап: «Айламды асырдым ғой, енді қылкөпірде қалай туласаң да құлап түспеймін», – деп масаттанған екен.

 Мешіттің мұнарасы

 Бір жолаушы мешіттің мұнарасын көрсетіп:

   – Бұл не? – депті.

  Оған  Қожанасыр:

   – Бір құдыққа ит түсіп кеткен екен, құдықтың суын адалдау үшін суын қотарып тастап, өзін төңкеріп қойыпты,– депті.

А. Байжан