Жексенбілік әзілдер

Жексенбілік әзілдер

Демалыс күндеріңіз көңілді болсын деп, жексенбілік анекдоттарды ұсынамыз. 

***

Бір күні директор хатшы келіншекпен бірге қонағасыға барып, қайтарда мас болып қалған хатшысын, көлікпен үйіне жеткізіп қойыпты. Ертесінде әйелін ертіп, кино көргелі келе жатып, көлік ішінен бір сыңар аяқ киімді көріпті де, түнде хатшы қыз түсіріп алған екен ғой, әйелім көріп қалмасын деп ойлап, білдірмей сыртқа лақтырып жіберіпті. Енді көліктен түсе бергенде әйелі «Ей, менің аяқ киімімнің сыңарын көрдің бе» деген екен.  

***

Директор жұмысқа кешігіп келген қызметкеріне ашуланып жатыр:

- Сен тағы кешігіп келдің бе?! Бүйткенше үйіңе барып жат. Жұмысқа енді қайтып келмей ақ-қой!

- Мақұл, басеке, бірақ, айлығымды қалай алып отырам. Үйге әкеліп тастайсыз ба, әлде біреуді жіберейін бе.

***

Бір әйел жазушы кемемен саяхатқа шығыпты. Содан үйіне келгенде күйеуі әйелдің күнделігін тексеріп отыр дейді:

1-күн: Бүгін жас әрі келбетті кеме капитанымен таныстым.

2-күн: Ол мені бірге тамақтануға ұсыныс етті.

3-күн: Ол мені ертіп кеменің барлық бөлмелерін аралатты.

4-күн: Ол маған ұятсыз талап қойды. Мен одан батыл бас тарттым.

5-күн: Ол маған егер талабына қосылмасам кемені суға батырып жіберетінін айтты.

6-күн: Мен кемедегі 700 адамды құтқарып қалдым.

***

Базарда біреу теріні бұлғап:

-Құндыз терісін алыңдар! Құндыздың терісі! - деп айғайлап жүріпті. Бір кісі оны тоқтатып, теріні ары-бері аударып көреді:

-Ей, қайдағы құндыз?! Мынауың кәдімгі иттің терісі ғой!

-Иттің аты Құндыз болатын...

***

Қайтыс болған кісіні жерлемек болып, көтеріп қалған кезде абайсыздан қолы сылқ ете түсіпті. Сонда көтеріп тұрған жігіт: «Алла-ай мына кісіні өлтіріп ала жаздадым ғой» деген екен сасқалақтап.

***

- Әке. Осы президент пен халықтың, министр мен қауіпсіздік комитетінің айырмашылығы неде?

- Мысалы, мен президентпін, шешең қаржы министрі, әжең қауіпсіздік көмитеті, ал сендер халықсыңдар, - деп түсіндіріпті.

Ертесіне жұмыстағы әкесіне телефон шалып:

- Құрметті президент, қаржы министрінің бөлмесіне бөтен президент кіріп кетті. Қауіпсіздік комитеті шырт ұйқыда. Ал халық алаңдаулы, – деген екен.

***

Биология пәнінің мұғалімі:

- Көзілдірікті жылан қандай түрге жатады?

Оқушы:

- Алысты көре алмайтын жыландар түріне жатады. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек