Жас ақын-жазушыларға арналған "Айбоз" әдеби сыйлығы тағайындалады

Жас ақын-жазушыларға арналған "Айбоз" әдеби сыйлығы тағайындалады
Фото: ortcom.kz

Бүгінде балаларға арналған шығармаларға баса мән беру маңызды-ақ. Жас өрендердің саналы әрі сапалы туындылардан нәр алуы – болашағына жол ашар бір баспалдақ іспетті. Күні кеше таныстырылған "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасындағы бір міндет санатында да осы идея айтылған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі отандық баспа мен қаламгерлерді ынталандыру мақсатында 2022 жылдан бастап "Үздік балалар шығармасы", "Жылдың үздік кітабы" байқауын ұйымдастырады. Сондай-ақ, алдағы жылдан бастап отандық жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жас ақын-жазушыларға президенттің арнайы "Айбоз" әдеби сыйлығы тағайындалатын болады.

Бұдан бөлек, туған өлкенің табиғатын зерттеуге бағытталған "Әдеби өлкетану" іс-шаралары ұйымдастырылып өткізіледі.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялаған еді. Министрлік "Балалар әдебиеті жылы" аясында ағымдағы жылы жүргізілген жұмыстарды әрі қарай жалғастырады. Соның ішінде оқырмандардың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шаралар балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуына ең қолайлы және қолжетімді бірден-бір орын – кітапханаларда жүргізілетін болады.

Атап айтқанда, Министрліктің қолдауымен 2007 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан "Бір ел-бір кітап" оқу акциясы жаңа форматта ұсынылады.

Н. Үсенова